Accessibility links

WSJ: Израиль "Хезболла" командирі Шукрды хакерлердің көмегімен өлтірген


Ливан астанасы Бейрут қаласында көшеге ілінген Фуад Шукрдың суреті. 2 тамыз, 2024 жыл.
Ливан астанасы Бейрут қаласында көшеге ілінген Фуад Шукрдың суреті. 2 тамыз, 2024 жыл.

Израиль Ливанның "Хезболла" радикалды тобының (АҚШ террористік ұйым деп таныған) командирлерінің бірі Фуад Шукрдың көзін барлау қызметінің және хакерлердің көмегімен жасалған жоғары технологиялық операция нәтижесінде жойған. Бұл туралы осы ұйымның өкіліне сүйеніп The Wall Street газеті хабарлады.

Басылымның жазуынша, 30 шілде кешке Шукр Бейруттегі кеңсесі орналасқан ғимараттың екінші қабатында болған кезде оған телефон шалып, жетінші қабаттағы пәтеріне көтерілуін сұраған. The Wall Street Journal сөйлескен адамның сөзінше, "Хезболла" тобының мүшесін басқа құрылыс нысандарының ортасында тұрған ғимараттың жоғары жағына алдап шақырған. Шукр пәтеріне көтерілген кезде Израиль әскери күштері оның пәтеріне соққы беріп, Шукрмен бірге әйелі және сол пәтерде болған тағы екі әйел мен екі бала қаза тапқан.

Фуад Шукр "Хезболла" жетекшісі Хасан Насралланың оң қолы әрі әскери операцияларды жоспарлау және басқару жөніндегі кеңесшісі болған деп есептеледі. Шукр "Хезболла" қатарына 1985 қосылған және содан бері басшы қызметтер атқарған.

Хадж Мохсин деген атпен танымал болған Шукрды "елес" деп те атаған. Жұрт көзіне түспей жасырын жүретін оның бет-бейнесі де көпшілікке аса таныс емес, оның қазасы туралы хабарлаған Ливан басылымдары басқа бір адамның суретін жариялаған. Шукр "Хезболла" жетекшілерінің кішірігім жиындарына ғана қатысатын, 2024 жылдың басында туысының жаназасы кезінде көптің арасында бір-екі минут ғана болған.

Израиль Фуад Шукрдың қазасына жауапкершілікті мойнына алды. Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Шукрды Израильдің бақылауындағы Голан жотасындағы Мадждаль-Шамсты зымыранмен атқылау туралы шешім қабылдағандардың бірі деп есептейді. Ол шабуылдан 12 адам, негізінен балалар қаза тауып, 30-дан астам адам жараланған еді. "Хезболла" шабуылға қатысы барын теріске шығарған.

Шукр өлген күннің ертесіне, 31 шілде күні Иран астанасы Тегеранда АҚШ пен Еуроодақ террорлық ұйым деп таныған палестиналық ХАМАС тобы жетекшілерінің бірі Исмаил Хания қаза тапты. Израиль Ханияның өліміне қатысы барын мойындаған жоқ.

Шукр мен Ханияның қазасынан кейін Иран мен "Хезболла" тобы Израильден қарымта қайтаратынын мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG