Accessibility links

Француздың әйгілі киножұлдызы Ален Делон қайтыс болды


Француз киножұлдызы Ален Делон
Француз киножұлдызы Ален Делон

Есімі әлемге танымал француз актері Ален Делон 88 жасында өмірден озды. Бұл туралы 18 тамыз күні ақпарат агенттіктері хабарлады.

"Алан-Фабьен, Анушка, Энтони, сонымен бірге Лубо (иті) әкейдің бақилық болғанын аса қайғыра отырып хабарлайды. Ол Душидегі үйінде, үш баласы мен отбасының ортасында тыныш қана өмірден өтті", – AFP агенттігі таратқан марқұмның отбасының мәлімдемесінде осылай делінген.

Ален Делон 1935 жылғы 8 қарашада Париж маңында дүниеге келген. 17 жасында әскер қатарына алынып, Үндіқытайда қызмет атқарған. 1956 жылы Парижге оралғаннан кейін ол көп уақыт өтпей кино өнеріне бет бұрады.

Ол басты рольде ойнаған "Әлсіз әйелдер" (1959) фильмінен кейін көрерменге таныла бастады. Ал 1960 жылы түсірілген "Жарқын күнде" фильмі Делонның атын шығарды. Сол жылы ол "Рокко және бауырлары" фильміне түсті.

Жарты ғасырға жуық уақыт ішінде 90-нан астам фильмге түсіп, көзі тірісінде аты аңызға айналған Ален Делон әлемдік деңгейдегі өнер жұлдызы ретінде тарихқа енді.

Делон денсаулық жағдайына байланысты 1990 жылдың аяғынан бастап кинодан қол үзе бастады. 2019 жылы Ален Делон инсульт алды. Сол жылы ол Канн кинофестивалінде көпшілік алдына соңғы рет шықты, оған кино саласына сіңірген еңбегі үшін Алтын пальма бұтағы сыйлығы табыс етілген еді.

Кейінгі жылдары Ален Делон Парижден 120 километр қашықтағы Душидегі үйінде, көпшіліктен оқшау өмір кешті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG