Accessibility links

WP: Украинаның Ресейдегі Курск облысына шабуылы Мәскеу мен Киевтің құпия келіссөзін бүлдірді


Украина күштерінің Ресейдегі Курск облысына шабуылынан Мәскеу мен Киев арасында өтуі тиіс болған тікелей емес келіссөз белгісіз уақытқа шегерілді. Келіссөз тамыз айында Катардың араағайындығымен Дохада өтуі керек болған. Бұл туралы осы келіссөздерге қатысы бар деген дереккөзіне сілтей отырып америкалық Washington Post газеті хабарлады.

Келіссөз аясында делегациялар энергетика объектілеріне шабуылдамау мәселесін талқыламақ болған. Сәтті аяқталғанда, келісім атысты жартылай тоқтатқанға тең болар еді деп жазды WP. Жоспарланған жиынға қатысушылар осы келіссөз соғысты тоқтатуға жол ашар деп үміттенген.

Алайда Курск облысына шабуылдан соң ресейлік делегаттар кездесуді кейінге қалдырып, Киев қадамын "эскалация" деп атаған. Бұл туралы америкалық басылым аты-жөнін атамаған дипломатқа сілтей отырып хабарлап отыр.

Ресей "келіссөзден бас тартқан жоқ, олар уақыт беріңдер" деп отыр деді газеттің дереккөздерінің бірі. Екінші дереккөз Украина күштерінің Курск облысына шабуылан соң "орыстар бас тартты" деген.

Украина өз делегациясын Дохаға осыған қарамастан жіберуге дайын екені айтқанымен, Катар біржақты келіссөз өткізуден бас тартты.

WP газетінің сауалына жауап берген Украина президентінің әкімшілігі Дохадағы саммит "Таяу Шығыстан жағдайға бола" кейінге шегерілді, бірақ 22 тамыз күні видеоконференция форматында өтеді деген.

Кремль мен Ақ үй пікір білдіруден бас тартты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG