Қазақстан ішкі істер министрлігі әнші Ұланғасыр Қамиевтің "хиджаб кимеген әйелдерді өлтіру" жайлы айтқан сөзінде қылмыс құрамын таппаған. Мұны ҚазТАГ ақпарат агенттігі хабарлады.
Полиция қылмыстық істі тіркеуден бас тартқан. Бұған дейін полицияға арыз жазған Қостанай қаласының тұрғыны Саида Сисембаева әншінің сөзінде Қылмыстық кодекстің әлеуметтік, ұлтаралық, рулық, нәсілдік, діни алауыздықты өршіту туралы бабында қарастырылған әрекет бар-жоғын анықтауды талап еткен еді.
ІІМ арыз иесіне жауап хатында Қамиевтің Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасына жазылғандармен диалог жүргізіп, олардың сұрақтарына жауап берген сөзінде "Қылмыстық кодекстің 174-бабы 1-бөлігінде қарастырылған қылмыстық құқық бұзу құрамы жоқ екенін" жазған.
"Бұл жағдайда қандай да бір қылмыстық құқық бұзу құрамы болмағандықтан арыз Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген жоқ" деп жауап берген министрлік.
Биыл шілде айында Қамиев видео жариялап, онда елде тұрмыстық-отбасылық зорлық-зомбылық неліктен жиілеп кеткені жөнінде ойын айтқан. Әнші бұл проблеманы әйелдің киімімен байланыстырып, ер адамдар әйелін хиджаб кимегені үшін өлтіреді деген пікір білдірген. Бұл сөзі қоғамда қатты сынға ұшырағаннан кейін Қамиев әлеуметтік желідегі посттарына пікір жазып қалдыру мүмкіндігін шектеген. Кейін оның продюсері "ақпараттық шабуыл" жасады деп журналистерді айыптады.
Ресми деректер бойынша, Қазақстан полициясына күн сайын тұрмыстық зорлық-зомбылық жөнінде 300-ге жуық арыз-өтініш түседі. Бірақ отбасында әлімжеттік жасағандардың кейбірі өз ісі үшін заң алдында жауапқа тартылмай, жазасыз қалады.
ПІКІРЛЕР