Атырауда мұнай өңдеу зауыты аумағында "Тухлая балка" булану алаңында табылған құстардың неден өлгені анықталмады. Бүгін, 15 тамызда Астанадағы Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығының бактериологиялық зертхана осылай деп мәлімдеді.
Осы орталықтың жұқпалы аурулар диагностикасы зертханасының жетекшісі Талғат Кәрібаев Азаттыққа тексерілген қасқалдақ өлексесінен пастереллез не құс тұмауы сияқты аса жұқпалы ауру табылмады деді.
21 шілдеде Мереке Шалқаров желі пайдаланушылары өліп жатқан бірнеше құстың видеосын жариялаған соң оқиға орнына барып, қырылып жатқан 55 құс көрген. Оның алтауы – аққу, 49-ы қасқалдақ болған.
22 шілдеде бұл жерге Атырау облысының экология департаменті, ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті, Атырау облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасы, Атырау мұнай өңдеу зауыты өкілдерінен құрылған комиссия барады.
Комиссияның хабарлауынша, оқиға орнына келгенде табылған құстардың өлексесін әлдекімдер жойып жіберген. Комиссия оқиға орнында жаңа өлген бір аққуды ғана көреді.
Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Атыраудағы инспекция басшысы Нұркен Бояров "22 шілдеде табылған аққудың өлексесі иістеніп кеткендіктен зерттеуге жарамсыз болып, оны Астанадағы орталыққа жібере алмадық" деді.
Комиссия 23 шілдеде табылған қасқалдақты зертханаға жіберген.
Экология департаменті су құрамын тексеру үшін сынама алған. Сол су сынамасының қорытындысы да шыққан. Департамент "зауытқа рұқсат етілген шекті концентрация нормалары белгісіз болғандықтан зиянды заттардың нормадан асқан-аспағаны туралы мәлімет жоқ" деп отыр.
Облыстық экология департаменті басшысы Ерлан Есенов "Тухлая балка" алаңының сарқынды суының құрамында бар заттарды ғана анықтағанын жеткізді.
Есенов "зауытқа шекті рұқсат етілген норманы экология және табиғи ресурстар министрлігі бекітетіндіктен бұл мәліметтердің қолында жоқ екенін" айтады.
Атырау облыстық орман шаруашылығы инспекциясының маманы Мереке Шалқаров су сынамасы мен құстардың өлексесінің зертхана қорытындысын іс материалына тіркеп, шешім шығаратынын хабарлады.
"Бұл дерек бойынша зауытқа қатысты тексеру ашыла ма, жоқ па, ол жағын әзірге айта алмаймын" деді Шалқаров.
- Атыраудың сол жақ жағалауында орналасқан "Тухлая балка" булану алаңы 1945 жылы Атырау мұнай өңдеу зауытының іске қосылғалы бері пайдаланылып келеді. Алаң қаладан 1,5 шақырымда жатыр. Облыстық экология департаменті мамандары "Тухлая балканы" қаланы негізгі ластаушы көздердің бірі ретінде қарастырады. Мұнда зауыттың сарқынды суларынан бөлек, қаланың кәріз сулары ағызылады.
- Зауыт "Тухлая балка" булану алаңын кептіру (рекультивация) жұмыстарын 2021 жылы бастаған. Бұл жұмыс 2023 жылы аяқталуы керек еді. Алаңның жалпы ауданы – 1336,2 гектар. Оның 860 гектары Атырау мұнай өңдеу зауытына, қалғаны қала әкімдігіне тиесілі.
- Ресми ақпарат бойынша, қала әкімдігіне қарасты алаңның бөлігін қалпына келтіру жұмыстары былтыр аяқталған. Оған Ұлттық қордан, республикалық және жергілікті бюджеттерден 961,02 млн теңге жұмсалды. Ал зауытқа тиесілі бөлігін қалпына келтіру жұмыстары әлі аяқталмады.
ПІКІРЛЕР