Қазақстан үкіметі 2025 жылы ел экономикасы 5,6 пайыз өсім көрсетеді, инфляция 5,5-7,5 пайызға дейін төмендейді деген болжам жасады. Бұл туралы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткізген елдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері мен үкіметтің ортамерзімді кезеңге арналған болжамдары қарастырылған кеңесте айтылды.
Ақорданың хабарлауынша, бұл жиынға премьер-министр Олжас Бектенов, президент әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай, ұлттық банк төрағасы, жоғары аудиторлық палатаның төрағасы, министрлер қатысқан. Жиналыста 2024 жылғы бюджеттің жұмсалуы және 2025-2027 жылғы бюджетті талқылаған.
Тоқаев үкіметке макроэкономикалық көрсеткіштерді болжау және мемлекеттік бюджет сапасын арттыру, орталықтағы және жергілікті деңгейдегі мемлекеттік шығындарды басымдығына қарай реттеудің нақты механизмін енгізуді, көлеңкелі экономикамен күресті күшейтуді тапсырған.
Ұлттық статистика комитетінің мәліметінше, елде биылғы мамырдағы инфляция көлемі 8,5 пайыз болған (2023 жылы мамырда 15,9 пайыз). Үкімет елде инфляция көлемі азайып жатқанын жиі айтқанымен, халықтың табысы мен тауарлар ай сайын қымбаттайды. Мәселен, биыл мамырда ақылы қызметтер 13,9 пайызға, азық-түлік 5,5 пайызға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 7,6 пайызға қымбаттаған.
ПІКІРЛЕР