Accessibility links

ҰҚШҰ Курскідегі жағдай туралы: Ресей әскери көмек сұраған жоқ


Ресейдің Курск облысында қиратылған ресейлік әскери техника. 9 тамыз 2024 жыл.
Ресейдің Курск облысында қиратылған ресейлік әскери техника. 9 тамыз 2024 жыл.

Ресей Курскідегі жағдайға байланысты әзірге Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан әскери көмек сұрамады. 14 тамыз күні ҰҚШҰ-ның Азаттыққа жіберген жазбаша жауабында осылай жазылған.

"ҰҚШҰ қабылдаған процедураға сәйкес, ұйымға мүше ел әскери көмекті қажетсінсе, ұйымға ресми түрде қайырылуы керек. Курскідегі жағдайға байланысты Ресей тарабынан мұндай өтініш қазірге дейін түскен жоқ" деп жазылған ресми жауапта.

Ұйымның түсіндіруінше, әскери одақта ұжым әскерін қолдану мәселесі "консенсуспен" шешіледі – яғни, мұндай шешімге ұйымға мүше елдердің барлығы келісуі керек. Өйтпеген жағдайда шешім қабылданбайды.

"ҰҚШҰ мен Ресей арасында Курск және Ресейдің Украинамен шекаралас аумақтарындағы жағдай бойынша келіссөз жүргізілді ме?" деген сұраққа:

"Ұйым хатшылығы және Ресейдің тиісті мемлекеттік құрылымдары жұмыс тәртібі бойынша ақпараттармен алмасып отыр. Ресейдің шекаралас облыстарындағы жағдайды талқылау үшін ресми келіссөз немесе кездесу болған жоқ" деп жазылған ұйымның жауабында.

Жауапқа ұйымның бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовтің қолы қойылған.

14 тамызда Ресейдің Новосибирск қаласында ҰҚШҰ-ның "Кобальт-2024" жаттығуы басталғаны хабарланды. ҰҚШҰ мәлімдеуінше, әскери жаттығуға Ресей, Қазақстан, Беларусь, Тәжікстан, Қырғызстанның арнайы жасағы, ішкі әскері мен есірткіге қарсы қызметі, апаттық-құтқару және өртке қарсы құрылымдары қатыспақ. Наурыз айында ҰҚШҰ-ның бас хатшысы биыл жеті әскери жаттығу өтетінін айтқан. Арасында "Кобальт-2024" жаттығуы да аталған.

Сыртқы жаудан, сын-қатерден бірлесіп қорғануды көздейтін, құрамына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан кіретін бұл ұйым өз тарихында бір рет – 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанға бірлескен әскер жіберген.

ҰҚШҰ-ға Ресей, Беларусь, Армения (биыл ақпанда Ереван Армения ҰҚШҰ-ға мүшелікті тоқтата тұратынын мәлімдеген), Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан мүше.

Бұған дейін Таулы Қарабақта жағдай ушыққан шақта Армения ұйымнан әскери көмек сұрағанмен өтініші орындалмаған еді. Осыдан кейін ресми Ереван ұйымнан кететінін айта бастаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG