13 тамызда Алматы облысы Қарасай ауданы Долан ауылында ондаған тұрғын су жоқтығына наразылық білдіріп, жолды жапты. Оқиға орнына полиция келіп, тұрғындар мен полиция шекісіп те қалған. Тұрғындар жіберген видеода полиция қызметкерінің бір адамды мойнынан қылқындырып жатқаны көрінеді.
Тұрғындардың сөзінше, бес адам ұсталған. Төртеуі босатылып, бір адамға “полиция өкіліне шабуыл жасады” деген айып тағылып, іс қозғалған деп айтылады. Оның шешесі Қарлығаш Төлепбергенова сәрсенбі күні үндеу жариялап, баласын босатуды сұрады. Ол су мәселесінің шешілмеуі халықты көшеге шығуға мәжбүрлегенін, баласын заңсыз ұстағанын айтты.
Тұрғындардың сөзінше, ауыл орталық су жүйесіне қосылмаған – көбі құдықтан су ішеді. Қазіргідей аптап ыстықта соңғы он күнде су дұрыс ақпаған.
"Су мәселесі бойынша бірнеше рет әкімге арыз жазып хабарлама жібергенбіз. Ол ештеңе шешпеді. Кеше адамдар әкімдік өкілдерін күтті, бірақ келмей қойды. Сосын халық жолды жабуға мәжбүр болды. Сосын полиция келіп, адамдарды ұстай бастады. Төрт бес баланы қамауға алды. Сол кезде қаптап кетті. Аудандық прокуратура өкілдері, әкімдік өкілдері, арнайы жасақ келді" деді ауыл тұрғыны Мергүл Қабітаева Азаттыққа.
Оның сөзінше, ауылға бір су тасығыш көлік келеді, мыңдаған тұрғыны бар ауыл үшін жеткіліксіз.
Алматы облыстық полициясының баспасөз қызметі әзірге оқиғаға түсініктеме бермеді. 14 тамызда полицияның баспасөз хатшысының ұялы телефонына Азаттық тілшісі екі рет хабарласқанмен телефон тұтқасын ешкім көтерген жоқ.
Азаттық Қарасай аудандық әкімдігіне хабарласқанмен де жауап ала алмады.
ПІКІРЛЕР