Accessibility links

Украинаның Ресейдің Курск облысына шабуылы. Қазір не белгілі?


Курск облысында Ресейдің бүлінген әскери техникалары. 9 тамыз 2024 жыл.
Курск облысында Ресейдің бүлінген әскери техникалары. 9 тамыз 2024 жыл.

Украина әскерінің Ресейдің Курск облысына шабуылы жалғасып жатыр. Украинамен шекарадағы Курск облысынан мыңдаған адам эвакуацияланды.

КУРСК ОБЛЫСЫНАН "121 МЫҢ АДАМ КӨШІРІЛГЕН"

Украина әскері Курск облысының орталығы Суджа қаласының орталығынан видео жариялады. 12 тамызда шыққан бұл видеоның қашан түсірілгені белгісіз. Бірақ видеода Украина әскерилері қаладан Ресей әскерін көрмегенін айтады.

Украина 6 тамызда күтпеген жерден Ресейдің Курск облысына шабуыл бастаған.

Киев содан бері 1000 шаршы километр жерді және бірнеше елдімекенді басып алғанын айтады. Ал АҚШ-тағы Соғысты зерттеу институты (ISW) 13 тамыздағы хабарламасында "Украина Курс облысында 1000 шаршы шақырым жерді емес шамамен 800 шаршы шақырым жерді бақылауға алуы мүмкін" деп жазды.

Украина әскерилерінің Суджадан жариялаған видеодан скриншот.
Украина әскерилерінің Суджадан жариялаған видеодан скриншот.

Ресейдің әскери блогерлері Курск облысындағы Суджа қаласы Украина әскерінің бақылауына өткенін жазып жатыр. Бұған қоса, Курс облысы губернаторының міндетін атқарушы Алексей Смирнов 12 тамызда Ресей президенті Владимир Путинмен жиында "28 елдімекен Украина әскерінің бақылауында" деп мәлімдеді.

Смирнов жиында "Курск облысында Украина әскерінің жеткен жері 12 шақырымды құрайды, майданның жалпақтығы 40 шақырымды құрайды" деп жатқанда Путин оның сөзін бөліп жіберді. Ресей басшысы "фронттағы жағдайды әскери ведомство баяндайды, сіз әлеуметтік-экономикалық жағдайды, адамдарға көмек жайлы айтыңыз" деді.

Смирнов Курск облысындағы 28 елдімекендегі екі мыңға жуық адамның қазіргі жағдайы белгісіз екенін айтты. Оның сөзінше, аймақтан 121 мың адам көшірілген, 180 мың адам эвакуациякүтіп отыр. Смирнов Украинаның Курск облысына шабуылынан 12 адам қаза тауып, 121 адам (он бала) жараланғанын мәлімдеді.

Курск облысынан эвакуацияланған адамдар. 12 тамыз 2024 жыл.
Курск облысынан эвакуацияланған адамдар. 12 тамыз 2024 жыл.

Украинаның Курск облысына шабуылы жалғасып жатқан тұста Ресей шекара маңындағы Белгород облысы Краснояруж ауданындағы тұрғындарды да эвакуациялап жатыр.

"11 мыңнан аса адам эвакуацияланды" деп жазды Белгород облысы губернаторы Вячеслав Гладков телеграмда.

Ал Краснояруж ауданының басшысы Андрей Мисков аймақта 500 адам қалғанын, олардың көбі шенеуніктер, төтенше жағдай қызметкерлері екенін айтады.

Краснояруж ауданында 14 мың адам тұрады.

ЗЕЛЕНСКИЙ МЕН ПУТИН НЕ ДЕДІ?

12 тамызда Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің Курск облысына шабуыл жайлы алғаш рет мәлімдеме жасады.

Украина президенті "Ресей басқа елге соғысты әкелген, енді сол соғыс Ресейге оралды" деп мәлімдеді. Зеленский "Ресей Украинаның Сумы облысын Курск облысынан шабуылдап келген, сондықтан Украина әскері Сумы облысын атқылаған аудандарға бақылау орнатты. 1 маусымнан бері Ресей Сумы облысымызды шамамен 2100 рет атқылаған. Сол себепті біздің операция – Украинаның қауіпсіздік мәселесі, шекара маңын ресейлік әскерилерден тазарту" деді.

Бұған қоса, Зеленский Украина әскері ресейліктерді тұтқынға алғанын да айтты.

"Бізге Ресей тұтқынындағы адамдарымызды қайтару өте маңызды" деді ол.

Украина мен Ресей шекарасының маңындағы Курск облысына кіре беріс жер. 11 тамыз 2024 жыл.
Украина мен Ресей шекарасының маңындағы Курск облысына кіре беріс жер. 11 тамыз 2024 жыл.

Ал Путин 12 тамыздағы жиында Киевті Ресейдің шекара аймақтарының "шырқын бұзғысы келді" деп айыптап, әскеріне украиналық солдаттарды "қуып шығуды" тапсырды.

"Жауға міндетті түрде қарымта қайтарамыз және алға қойған мақсатымызға да жетеміз" деді Путин.

Ол Украинаның Курск облысына шабуылы Ресей әскерінің Украина шығысындағы жаңа аудандарды басып алуына кедергі келтірмейді деп санайды.

Путин Мәскеу "басына қауіп төнген барлық адамға бірдей қолдау көрсететінін" айтады. Оның сөзінше, Ресейде соғысқа барғысы келетін ер адамдардың қатары өсіп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG