Қарағандыда "ұлтаралық араздық" қоздырды деп айыпталған жергілікті кәсіпкер Алика Мұхамадиеваның ісі бойынша сот процесі басталды. Ол шілде айынан бері қамауда отыр. Оны Threads желісіндегі жазбасынан кейін ұстаған. Құзырлы органдар оның жазбасынан қазақтар мен мұсылмандарды кемсіту белгілерін тапқан.
14 қазан күні сотта айыптау акті оқылды. Онда 22 жастағы Мұхамадиева әлеуметтік желіде ("Алика Августова" деп тіркелген) "азаматтардың діни және ұлттық сезімдерін қорлау белгілері бар" пікір жазған, "ислам дінін ұстанатын және қазақ ұлтына жататын адамдардың абыройы мен қадір-қасиетін кемсітетін сөз айтқан" делінеді.
Сотталушы айыпқа келісетінін, айтқан сөзі үшін өкінетінін айтты.
Мұхамадиева ұсталғанға дейін кешірім сұрап видео жариялаған. Бірақ бұл кешірім сұрау қылмыстық істен қорғамады.
Мұхамадиеваның адвокаттары соттан бас бостандығынан айыратын жаза тағайындамауды сұрап отыр. Адвокаттар айыпталушының екі жасар баласы бар екенін айтады. Ұсталғанға дейін ол Қытайдан тауар алдырып кәсіп жүргізген.
Қылмыстық іс сотқа осы айдың басында жеткен. Келесі отырыс 18 қазанға белгіленді.
Маусым айында Солтүстік Қазақстан облысының соты 35 жастағы әйелді TikTok-тағы жазбасы үшін ұлтаралық араздық қоздырды деп екі жылға бас бостандығынан айырған. Сараптама жазбада "орыс ұлтының өкілдерін кемсітетін белгілер бар" деген.