АҚШ-тағы президент сайлауына республикалық партия атынан қатысатын Дональд Трамп пен миллиардер-кәсіпкер Илон Маск дүйсенбі күні екі сағат сұхбаттасты. Сұхбат Маскқа тиесілі X платформасында өтті.
Техникалық ақау салдарынан сұхбат 40 минутқа кешігіп басталды.
Әңгіме барысында Илон Маск пен Дональд Трамп бір-бірін ара-тұра мақтап та отырды. Мысалы, Tesla жетекшісі экс-президентті 13 шілдеде Пенсильваниядағы сайлауалды митинг кезіндегі "батылдығы" үшін мақтады. (Ол кезде Трампқа қарай оқ атылып, экс-президент құлағынан жараланған еді) Ал Трамп Масктің келісім шарттарын жақсартуды талап еткен жұмысшылардың бір бөлігін жұмыстан шығаруға дайын болу ниетін қуаттады.
Илон Маск Пенсильваниядағы шабуылдан кейін Дональд Трамптың кандидатурасын қолдайтынын жариялаған. Бұрындары олар талай рет бір-бірін "тілмен шаққан". Reuters-тің жазуынша, экс-президент бұған дейін Tesla сияқты электромобиль өндірісін мемлекет тарапынан қолдауға қарсы болған. Алайда жуырда Трамп Масктің "ықыласынан" кейін электромобильдерді қолдаудан басқа амал жоқ деп мәлімдеген. Дүйсені күні Трамп Tesla өнімдерін "керемет" деп атады.
Маскпен әңгіме Трамптың X (бұрынғы Twitter) желісіне қайта оралуының белгісі деуге болады. Экс-президенттің Twitter аккаунты 2021 жылы қаңтар басында Капитолийдегі тәртіпсіздіктен кейін жойылған еді. 2022 жылы Маск аккаунтын қайта ашты, бірақ экс-президент содан бері өзінің сайлау кампаниясының сайтына сілтеме қойылған суреттен басқа ештеңе жарияламаған еді. Дүйсенбі күні оның аккаунтында сайлауалды жарнамалар пайда болды.