Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов үкімет кулуарында "облыс орталығы Петропавлдың атын ауыстыру туралы сұрақ талқылауға шығарыла ма" деген сұраққа жауап берді.
"Бізде өзге мәселелер жетіп-артылады: қаланың жайлылығы, жылу, әлеуметтік және экономикалық даму" деді әкім. Оның сөзінен жергілікті ақпарат агенттіктері үзінді келтіреді.
"Қазір бұл мәселе қозғалып жатыр деп айта алмаймын: ауысқанын қалайтындар бар, қазір ауыстыратын мезгіл емес дейтіндер де бар" деді облыс әкімі.
"Біз бәріне жауап береміз. Бұл саяси сұрақ емес" деді ол.
Әкімнің сөзінше, пікірлер екіге жарылған.
"Бірінші кезекте жұрттың пікірін зерттейміз, көбі ауыстыруды қолдаған кезде ғана мәселені күн тәртібіне шығарамыз" деді әкім.
Нұрмұхамбетов Солтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметіне былтыр қыркүйекте келген. Биыл облыс көктемде су тасқынынан көбірек зардап шеккен аймақтардың бірі болды.
2022 жылы иинтернетте Петропавлды - Қызылжар, Павлодарды Ертіс деп атауды талап еткен онлайн-петиция пайда болған. Сол кезде әкімдер мемлекеттік органдардың бастамаға қатысы жоғын және мәселе қаралмайтынын айтқан.