Иранның Ресейге жүздеген баллистикалық ракетаны жеткізу жоспары жағдайды күрт ушықтыруы мүмкін. 12 тамызда АҚШ мемлекеттік департаменті өкілінің орынбасары Ведант Пател осылай деп мәлімдеді. Өткен жұмада Еуропа барлау қызметіндегі дереккөзге сүйенген Reuters агенттігі ондаған ресейлік әскери қызметкер Иранда Fath-360 кешендерін басқаруды үйреніп жүргенін жазған.
"Америка дауысы" сайтының жазуынша, ракеталар Украинаға қарсы әскери қимыл жүргізуге арналған. Fath-360 жүйесі 30-120 шақырымға ұшатын тактикалық ракеталар тобына жатады.
Ақпаратқа қарағанда, ракета әуеге көтерілген кезде оның 150 килолық әскери бөлігі дыбыс жылдамдығынан үш есе шапшаң жылдамдыққа ие болады.
АҚШ ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңес өкілінің айтуынша, Иран жоспарын жүзеге асырса, АҚШ пен оның НАТО және "Үлкен жетілік" бойынша әріптестері жылдам әрі қатаң жауап беруге дайын. Бұл жөнінде Reuters жазды.