9 тамызда кешке Павлодарда жарнамалық роликте биік өкшемен би билеген Аман Әубәкіровтің үйіне полиция барды. Бұл жөнінде Власть сайты жазды. Бишінің сөзінше, полицейлер одан жынысын сұраған. Полицейлер жергілікті пабликте жарияланған видеоның астына жазылған "теріс пікірлерге" реакция білдірген.
Әубәкіровтің сөзінше, полицейлер оған түсініктеме жазғызып, келесі аптада "профилактикалық әңгімеге" шақырған.
"Видео пабликте жарияланып, оған "бұл жақсы жарнама емес және бұл ЛГБТ-ны тіке насихаттау" деген мазмұнда көп комментарий жазылған. Сол себепті полиция мұны елеусіз қалдыра алмаған сияқты" деп жазды Әубәкіров әлеуметтік желіде.
Павлодардағы Tauan қоры Әубәкіровке адвокат тапқанын хабарлады. Қор өкілдері Адам құқығын қорғау бюросымен бірге Әубәкіровке заңгерлік көмек көрсететінін айтты.
Tauan өкілі Евгений Хабаров Азаттыққа полицейлер Әубәкіровке "қоғамдық тәртіпті бұзды" деген айып тағайын деп отырғанын айтты. Хабаровтың сөзінше, әуелі бишіге учаскелік инспектор хабарласқан, ізінше би студиясына екі полицей келіп, "ЛГБТ-ны насихаттау мақсатында видео түсірілмеді" деп түсініктеме жазып беруді талап еткен.
Қазақстан заңнамасында азаматтардың қандай киім кию керектігі немесе би билеуі керектігі жөнінде норма жоқ.
Жуырда мәдениет министрлігі "ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салуға" шақыратын петицияны ішінара қолдаған және министрліктің жартылай мақұлдауы қазақстандықтарды сыртқы киіміне орай жауапқа тартуды қарастырмайды деп жазды басылым.
Павлодар полициясы әзірге түсініктеме бермеген.
Өткен айда Алматы облысы Қарасай аудандық полициясы ер адамның ұлттық киім киіп, биік өкшемен киіз үйде билеп жатқаны көрінетін даулы видеоға мәжіліс депутаттары наразы болғаннан кейін қылмыстық іс қозғаған. Ақпаратқа қарағанда, "Ұлттық алауыздық қоздыру" бабы (174-баптың 1-бөлігі) бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Маусым айында әлеуметтік желілерде ер адамның биік өкшемен киіз үйде би билеп жатқаны көрінетін видео қызу талқыланған. Кейбір парламент депутаттары киіз үйдегі биді "тұтас ұлтты қорлау" деп атап, әртістерді жазалауды талап етті.
Видеодағы әртістер әлеуметтік желіде кибербуллингке ұшырады. Киіз үйде би билегендердің бірі хореограф Әлішер Сұлтанбекұлы "қарапайым жұртқа шығармашылық адамдарды түсіну қиын, шығармашылық адамдарының әлемі мүлде бөлек" деп мәлімдеді. Ол видео "дәстүрді қорлау" деген пікірмен келіспейтінін жеткізіп, "мұнда өзіндік ирония бар" деді.