Accessibility links

Украина шабуылынан кейін Ресейдің Курск облысында федералдық дәрежеде төтенше жағдай жарияланды


Курск облысы Суджа қаласы
Курск облысы Суджа қаласы

Ресейдің Курск облысында украин әскерінің рейд өткізіп жатқанына төрт күн болды, аймақта федералдық дәрежеде төтенше жағдай жарияланды. Бұл жөнінде Ресей төтенше жағдай министрлігі хабарлады.

"Аймақта федералдық дәрежеде жауап беру деңгейі белгіленді. Мұндай шешімді төтенше жағдайдың алдын алу және жою жөніндегі үкіметтік комиссия кезектен тыс отырыста қабылдады" деп жазылған ведомство хабарламасында.

Бұған дейін Курск облысының губернаторы міндетін атқарушы Алексей Смирнов Украина әскері шабуылының "салдарын жою үшін" 7 тамыздан бастап аймақта аймақтық дәрежеде төтенше жағдай жариялаған.

Курск облысында ресейлік және украин әскері арасында шайқас жүріп жатыр. 9 тамызға қараған түні Рыльск түбіндегі ресейлік әскери техникаға соққы жасалды.

Украина соққысы туралы видеода кемінде 14 жүк көлігі бүлінгені көрінеді, кейбірінде мәйіттер де байқалады.

Ресейлік "әскери тілшілердің" хабарлауынша, Курск облысында шайқас Курск атом станциясы орналасқан Курчатов қаласынан шамамен 30 шақырым жерде жүріп жатыр. Ал 15 шақырым жерде шамамен 17 мың халқы бар Льгов аудан орталығы бар.

Түрлі дереккөзге сүйенген The Insider басылымының жазуынша, украин әскері Курск облысына кіргелі бері 11 елді мекенді өз бақылауына алған. Мәселе негізінен шағын елді мекендер жөнінде болып отыр, алайда Украина қарулы күштері шамамен 350 шаршы шақырымды бақылауда ұстап отыр. Көлемі жағынан бұл Харьков қаласының аумағымен пара-пар.

Украина президентінің кеңесшісі The Washington Post басылымына украин әскері Курск облысында шамамен 100 шаршы километр аумақты басып алғанын айтқан.

Ал Ресей қорғаныс министрлігі жағдай бақылауда екенін мәлімдеді.

Курскінің жергілікті телеграм-арналарының хабарлауынша, жергілікті халық эвакуацияда көмек жоғына шағымданып, Ресей билігінің "жағдайды бақылауда ұстап отырмыз" дегені өтірік екенін айтқан.

8 тамызда Владимир Путин аймақ губернаторы міндетін атқарушы Алексей Смирновпен онлайн кездесу кезінде Курс облысындағы соғысқа байланысты көшуге мәжбүр болған отбасыларға 10 мың рубль көлемінде көмек берілетінін айтты. Путин сонымен бірге Смирновтың алдында "ерекше міндет" тұрғанын атап өтті.

Ресей денсаулық сақтау министрі Михаил Мурашко Курск облысын атқылау кезінде 6-8 тамыз аралығында 66 адам зардап шеккенін, 9-ы бала екенін айтты. Министрдің сөзінше, 38 адам ауруханаға түскен.

Украинаның қарулы күштері Ресейдің Курск облысындағы Суджа ауданына 6 тамызда басып кірген. Курск билігі алты адамның қаза болғанын хабарлаған. Украина жағы Курскідегі оқиғаға ресми түрде түсініктеме бермеді.

XS
SM
MD
LG