Мексиканың қазіргі президенті биыл қазанда өтетін жаңа президенттің инаугурация рәсіміне Ресей басшысы Владимир Путин қатысса, оны тұтқындамайтынын мәлімдеді. Мексика осылайша Путинді тұтқындауды сұраған Украинаның өтінішін кері қайтарды. Бұл жөнінде Reuters жазды.
"Мұны жасай алмаймыз. Бұл біздің шаруа емес" деді бейсенбілік баспасөз мәслихаты кезінде Мексиканың қазіргі президенті Андрес Мануэль Лопес Обрадор.
Украинаның Мексикадағы елшілігі 8 тамызда Мексика билігіне хат бағыттап, 1 қазанда Мексиканың жаңадан сайланған президентінің инаугурациясына Ресей басшысы қатысса, оны тұтқындауды өтінген. Украина елшілігі хатта Путинді тұтқындау туралы Халықаралық қылмыстық сотының ордері барын атап көрсеткен.
"Мексика үкіметі Владимир Путиннің әскери қылмыскер екенін және оны тұтқындауға ордер берілгенін біледі деген үміттеміз" деп жазылған мәлімдемеде.
Маусымда Путин Шейнбаумды сайлаудағы жеңісімен құттықтап, Мексиканы "Ресейдің Латын Америкадағы достық пейілдегі әріптесі" деп атаған.
Былтыр наурызда Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сот Ресей президенті Владимир Путин мен Ресейдің бала құқықтары жөніндегі уәкілетті өкілі Мария Львова-Белованы да тұтқындауға пәрмен берген. Сот екеуін де Украинаның оккупацияланған аймағынан халықты, соның ішінде балаларды күштеп көшіріп, әскери қылмыс жасады деп айыптаған.
Мексика Халықаралық қылмыстық сотының юрисдикциясын мойындайды.
Халықаралық қылмыстық сот Путинді тұтқындауға ордер бергеннен кейін Ресей басшысы екі маңызды саммитке қатысудан бас тартты: Оңтүстік Африка республикасындағы БРИКС саммиті (ОАР тұтқындауға қатысты қарама-қайшы мәлімдеме жариялап, ақыры тұтқындайтынын жоққа шығармаған) және Үндістандағы "Үлкен жетілік" елдерінің жиыны. Путин Түркияға да барған жоқ. Түркия басшысы Режеп Ердоғанмен ол Сочиде кездесті.
ПІКІРЛЕР