Бүгін, 8 тамыз күні Атырау облыстық апелляциялық соты жергілікті қоғам белсендісі, Aqiqat қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғазиз Ғабдуллинге қатысты бірінші сатыдағы сот шешімін ішінара өзгертіп, оны қамаудан босатты.
Апелляциялық сот Ғабдуллинге тағайындалған 20 тәулікке қамау жазасын 664 000 теңге (1391 доллар) айыппұлмен алмастырды.
1 тамыз күні Мақат аудандық соты Ғазиз Ғабдуллинді “жала жабу” бабы бойынша кінәлі деп танып, 20 тәулікке қамаған. Іске Қызылқоға ауданы әкімі Қанат Әзмұхановтың "Ғабдуллин Facebook желісінде ашқан "Доссор жаңалықтары" парақшасында беделiмді түсiретiн көрінеу жалған ақпарат таратты" деп сотқа арыздануы түрткі болған. Кейін Ғабдуллиннің үстінен Әкімшілік кодекстің "Жала жабу" бабы (73-3-бабы 2-бөлігі) бойынша іс қозғалған.
Бірінші сатыдағы сотқа қатысқан белсендінің адвокаты Болат Олжабаев 4 тамыз күні Азаттық тілшісіне сот шешімімен келіспей, апелляциялық шағым бергенін хабарлаған.
Ғабдулиннің қазіргі адвокаты Ахмет Сырымның сөзінше, белсенді қамауға алынған кезде қан қысымы көтеріліп, ауруханаға түскен. Апелляциялық сотқа Ғабдуллин Мақат аудандық ауруханасынан онлайн қосылып қатысқан.
Адвокат Ахмет Сырым қорғауындағы Ғазиз Ғабдуллин екеуі апелляция сотының шешіміне келіспейді.
-Біз әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы қаулының күшін жойып, іс жүргізуді тоқтатуды сұрағанбыз. Апелляция соты шешіміне де келіспейміз. Себебі Ғабдуллиннің іс әрекеттерінде әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-3 бабының 3-бөлігінде көзделген әкімшілік жаза бойынша іс әрекет құрамы анықталған жоқ, - дейді адвокат Ахмет Сырым.
5 тамызда Азаттық тілшісіне сұхбат берген белсендінің жақтастары да оны босатуды талап етіп, сот қаулысына наразылық білдірген.
"Ақниет" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Асқат Қариннің айтуынша, қамауда отырған Ғабдуллиннің қан қысымы көтеріліп, оған жедел жәрдем шақырған. Бұл туралы оған Мақат ауданының полиция бөлімшесіндегі адамдар айтқан. Ол белсендімен кездесуге барып, онымен көрісе алмай кеткенін жеткізді.
Белсенді Ғазиз Ғабдуллин Атырау облысы Мақат ауданындағы Доссор кентінде тұрады. Ол Facebook желісіндегі "Доссор жаңалықтары" парақшасында өңірдегі мәселелерді көтеріп, билікке үндеу жолдап отырады.
ПІКІРЛЕР