Бішкекте автогаз тапшылығы әлі де байқалады. Бұл жөнінде жүргізушілерге сүйенген Азаттықтың Қырғыз қызметі жазды. Қалада кейбір жанармай бекеттерінде ұзын-сонар кезек пайда болған.
"Қырғызмұнайтрейдерлер" қауымдастығының президенті Қанат Эшатов Азаттыққа автогаз тапшылығы әлі де барын растап, мұны Ресейден автогаз импорттау мәселесімен байланыстырған.
"Ресейде газ тасымалдайтын вагон цистерналары тапшы болғандықтан автогаз тек Қырғызстанда ғана емес, Өзбекстан мен Тәжікстанда да тапшы. Мұнай өндіретін Қазақстанның өзінде де тапшылық бар деген ақпарат бар. Ресейде негізінен 20 зауыт бар, оның 7-8-і түрлі себеппен жөндеуге жабылған. Осыған қарамастан оны тауып жатырмыз. Бірақ кейде үзіліс те болады. Сол себепті кейбір бекеттерде газ жоқ. Біздің болжам бойынша, бұл қыркүйектің ортасына дейін созылуы мүмкін", - деді Ешатов.
Бішкекте автогаз тапшылығы маусым айының соңында байқала бастады. Кейбір жанар-жағармай құю бекеттерінде көгілдір отын таусылса, кейбірінде көліктер ұзын-сонар кезекте тұрды.
Бұған дейін Қазақстанның бірқатар өңірлерінде де автогаз тапшылығы байқалған. Шілденің басында елде газ бағасы 8-10 пайызға қымбаттаған. Мысалы, Шымкентте автогаздың бір литр бағасы 70 теңгеге жетті. Шілдеге дейін мұнда автогаздың бір литрі 64 теңгеге дейін сатылған. Азаттық тілшісі сол кезде қаладағы бірнеше автогаз бекетіне барғанда "газ жоқ" деген тақтайша ілініп тұрғанын көрді. Газдың басым бөлігі өндірілетін батыс аймақтарда газ бес теңгеге өскен.
Қазақстан энергетика министрлігі газдың қымбаттағанын елде автогаздың өзіндік құнының төмендігімен және ТМД аумағында оған сұраныстың артуымен түсіндірген.
ПІКІРЛЕР