Иранның жоғары лауазымды тұлғалары Ирак, Ливан және Йемендегі ираншыл топтардың өкілдерімен кездесіп, Израильге қарсы шараларды талқылайды. Бұл жөнінде бес дереккөзге сүйенген Reuters хабарлады. Тегеран ХАМАС (АҚШ пен ЕО-да террористік ұйым танылған) тобының саяси бюро жетекшісі Исмаил Хания Иран астанасында өлтірілгеннен кейін Израильден "кек қайтаратынын" мәлімдеген.
Иран шенеуніктеріне сүйенген The New York Times жуырда Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи Израильге тіке соққы жасауға дайындалу туралы бұйрық бергенін жазған. Иран Исмаил Ханияның қазасына Израильді кінәлап отыр. Израиль билігі мен әскері Ханияның өліміне түсініктеме берген жоқ. Дереккөздерге қарағанда, оның үйіне ракетамен соққы жасалған.
Бейсенбі күні Тегеранда Исмаил Ханияны жерлеу рәсімі өтті деп жазды Nova агенттігі. Оған ондаған мың адам қатысқан.
Түркия президенті Режеп Ердоған Исмаил Ханияның өліміне байланысты 2 тамызды қаралы күн деп жариялады.
Биыл Сирияда Израиль соққысынан ирандық әскери кеңесшілер қаза болғаннан кейін Иран Израильге ракетамен жаппай соққы жасаған. Израильге қарсы бағытталған барлық дрон мен ракета атып түсірілді, адам өлімі болмады.
Израиль мен ХАМАС арасында қақтығыс 2023 жылы 7 қазанда аталған радикал топ Израильге шабуылдағаннан кейін ушыққан. Израиль бұған жауап ретінде Газа секторында ХАМАС-қа қарсы әскери операция бастаған.
ПІКІРЛЕР