Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отырған ресейлік тоғыз тұтқын Белгород облысы Корочан ауданындағы әскери полигоннан қашып кетті деп хабарлады "Пепел" басылымы.
Ақпарат құралдарының мәліметінше, олардың екеуі "Адам өлтіру" бабы бойынша, тағы екеуі "Ауыр жарақат салу" бабы бойынша, тағы бір тұтқын "Адам ұрлау" бабы бойынша колонияда жазасын өтеген.
Ақпаратқа қарағанда, келісімшартқа отырған тұтқындар қызметке келгеннен кейін "сынақ мерзімінен өтпеген". Алтауы полигоннан 26 шілдеде шығып кеткен, қалған үшеуі келесі күні қашқан.
Қашып кеткендердің қолында қару бар ма, жоқ па, белгісіз.
"Пепел" басылымы Украина аумағындағы әскери бөлімдердің бірінде "Шторм Z" жасағының нұсқаушысы қашып кетті деп хабарлады, ол жасақтағы адамдардың басым бөлігі – ресейлік тұтқындар.
Бұған дейін нұсқаушы Евгений Зарубин Харьков облысы Волчанск қаласы маңындағы шайқаста жасақ үлкен шығынға ұшырағаны туралы видео жариялады. Оның сөзінше, ол өзі басқарған бөлімшенің үштен екісін ғана шайқастан шығара алған. Кейін Зарубин ақпаратты жоққа шығарды.
ПІКІРЛЕР