Accessibility links

Путин АҚШ Германияға ракеталарын орналастырса, Ресей "сәйкесінше қимылдайды" деп ескертті


Германия өз аумағына америкалық ракеталарды орналастырса, Ресей орта және қысқа қашықтыққа ұшатын ракеталарын шоғырландырады деп мәлімдеді Ресей басшысы Владимир Путин.

Санкт-Петербургте қарулы күштердің құрметіне арналған әскери-теңіз парадында сөйлеген Путин "зымырандарды ұшыру мен нысанаға жету ұзақтығын" еске салды.

Жексенбі күні Путин АҚШ пен Германияның 2026 жылдан бастап Германияда алысқа ұшатын дәлдігі жоғары америкалық кешендерді орналастыруды жоспарлап отырғанын атап өтті.

Ресей президентінің сөзінше, мұндай қару орналастырылса, Ресейдің мемлекеттік маңызды нысандары мен әскери кешендері "қол созым" жерде болып қалады.

Путиннің сөзінше, егер бұл жүзеге асса, Ресейге орта және қысқа қашықтықтағы соққы қаруын орналастыруға мораторий күші жүрмейді.

Оның айтуынша, орта және қысқа қашықтықтағы соққы жасау жүйелері жақын арада дайын болмақ.

Путин бірнеше апта бұрын Ресейдің өз аумағында ғана емес, сонымен қатар әлемнің басқа аймақтарында орта және қысқа қашықтықтағы зымырандарды орналастыруға дайын екенін мәлімдеген. Ол Ресей мұндай зымырандарды шығаруға дайын екенін айтқан.

Ол кезде Путин АҚШ-тың Филлиппинге зымырандарын орналастыруы мүмкін екенін тілге тиек еткен. АҚШ-тың Германияда 2026 жылы алыс қашықтықтағы нысаналарға соққы беру жүйелерін, соның ішінде гипердыбыстық қаруларды орналастыра бастайтыны кейінірек – 10 шілдеде Вашингтонда өткен НАТО саммиті кезінде белгілі болды. Бұл туралы НАТО-ға мүше елдердің бірлескен мәлімдемесінде айтылған. АҚШ пен Германияның мәлімдемелеріне жауап ретінде Ресей "соған ұқсас қаруды біз де орналастырамыз" деп сес көрсеткен.

Орта және қысқа қашықтықтағы ракеталар – бұл 500-5500 шақырымға ұшатын, ядролық қару алып жүре алатын, жерден басқарылатын баллистикалық және қанатты ракеталар. 1980 жылы Германия америкалық "Першинг" ракеталарын өз аумағында орналастырғаннан кейін СССР Батыс Еуропаға орта қашықтыққа ұшатын ракеталарымен сес көрсеткен еді.

1987 жылы Вашингтонда АҚШ пен Совет одағы орта және қысқа қашықтыққа ұшатын ракеталарды жою туралы келісімге қол қойды. Келісім 2019 жылға дейін күшінде болды. Кейін АҚШ Ресейді 9M729 қару жүйесін орналастырып, келісімді бұзды деп айыптап, шарттың тоқтатылғанын мәлімдеді. 2019 жылдың тамызында Ресей СІМ келісім тоқтатылғанын ресми түрде мәлімдеді.

Сол шақта Путин егер АҚШ орта қашықтықтағы ракеталарын Еуропаға орналастыратын болса, онда Ресей де солай жасайды, бірақ Ресей Еуропада ондай қаруды бірінші болып орналастырмайды деп айтқан.

АҚШ пен НАТО Ресей өзі мәлімдеген мораторийді бұзып, іс жүзінде 9m729 ракеталарын орналастырып жатыр деп мәлімдеген. Батыс ол ракеталар 500 шақырымнан да алысқа ұшып жете алады дейді, Мәскеу оны жоққа шығарған.

XS
SM
MD
LG