Accessibility links

Украинаның үш облысына Ресей әскері соққы жасап, бейбіт тұрғындар қаза болды


Харьков облысының Новоосиновое ауылына жасалған соққыдан кейін өртеніп жатқан үйлер.
Харьков облысының Новоосиновое ауылына жасалған соққыдан кейін өртеніп жатқан үйлер.

Сенбі күні Ресей әскері Украинаның Донецк облысын атқылап, бес бейбіт тұрғын опат болды. Облыс әкімшілігінің мәліметінше, үш адам – Ивановка елді мекенінде, бірі – Константиновкада, тағы бірі Торецкіде қаза болды. Облыста тағы 15 адам жарақаттанған.

Ресей әскері Донецк облысының бірқатар бағыттарында шабуылға шығып жатыр. Торецк қаласы түбіндегі Нью-Йорк елді мекенінде, сонымен бірге облыстың батысындағы Покровскіде де шайқас жүріп жатыр. Мұнда кейінгі күндері Ресей әскері бірқатар елді мекенді басып алған.

Бейбіт халыққа шабуыл жасалғанын жексенбі күні Харьков және Херсон областарының билігі де хабарлады. Херсон облысының Львово ауылында 84 жастағы ер адам опат болған.

Херсон облысының Корабель ауданын атқылау кезінде 64 жастағы әйел мерт болған. Облыстың әскери әкімшілігінің жетекшісі Александр Прокудиннің айтуынша, көп қабатты үйге снаряд түскен.

Харьков облысында Москалёвка ауылы да атқыланып, 70 жастағы тұрғын опат болған. Бұған қоса, төрт үй қираған. Жуырда Херсон облысында тағы бір әйелдің өлгені де хабарланған еді.

Украинаның солтүстігіндегі Сумы облысында Глухов қаласында атқылау кезінде бір бала оққа ұшқан, оннан астам адам жараланған.

Ресей Украинаға басып кіргелі бері орыс әскері күн сайын Украинаны дрон және ракеталармен атқылап жатыр. Ресей қорғаныс министрлігі тек әскери нысандарға ғана соққы жасайтынын айтқан, алайда шабуылдың салдарынан бейбіт тұрғындар тұрақты түрде қаза болып жатыр. Ресей қорғаныс министрлігі адам өлімі мен қираған нысандарға қатысты түсініктеме бермейді.

XS
SM
MD
LG