Accessibility links

Дереккөз: Украина Ресейдің қиыр солтүстігіндегі аэродромға соққы жасады


Ту-22М3
Ту-22М3

Сенбі күні Украина дрондары Ресейдің қиыр солтүстігіндегі Оленья аэродромына соққы жасап, стратегиялық ТУ-22М3 жойғыш ұшағын атқан. Бұл жөнінде Украина бас барлау басқармасындағы дереккөзге сүйенген Украина ақпарат құралдары жазды. Украина билігі ресми түрде соққы туралы хабарлаған жоқ. Соққы болғанын растайтын тәуелсіз дереккөз де әзірге табылған жоқ.

Егер Украина аймағынан дрондар шынымен ұшырылып, қиыр солтүстіктегі Оленегорск қаласына жақын аэродромға жетсе, украин дрондарының алысқа ұшу бойынша рекорд жасағанын айта кету керек.

Бұған дейін Украина бас барлау басқармасы украин дрондары Орынбор және Башқұртстандағы нысандарға соққы жасағанын хабарлаған. Украина аймақтарынан бұл жаққа дейінгі қашықтық 1500 шақырымға жуықтайды. Ал Оленегорскіге дейін шамамен - 1800 шақырым.

Оленья аэродромындағы ұшақтар Украинаға соққы жасауға жиі атсалысады.

Украина бас барлау басқармасы Мурманк облысындағы аэродромнан бөлек, украин дрондары Саратов және Рязань облыстарындағы екі әскери аэродромға, одан бөлек Рязань мұнай өңдеу зауытына шабуылдағанын айтқан.

Ресей қорғаныс министрлігі соңғы аталған екі нысанға соққы жасалғанын жанама растады. Ведомствоның хабарлауынша, 27 шілдеге қараған түні әуе қорғаныс күштері украин дрондарын құлатқан, Рязань облысында да дрон атып түсірілген. Саратов пен Мурманск жөнінде хабарламада ақпарат айтылмайды.

27 шілдеге қараған түні және таңертең Рязань тұрғындары күшті жарылыс болғанын естіген. Олардың сөзінше, әуе қорғаныс жүйесі мұнай өңдеу зауыты мен Дягилево аэродромына келген дрондарды атқан. Бұл жөнінде Astra жазды.

Дягилевоға соққы жасалғанын бірқатар әскери блогерлер де жазды. Fighterbomber телеграм-арнасының жазуынша, аэродромға бірнеше дрон шабуылдаған, әуе қорғанысы "ойдағыдай қимылдаған". Осы арнаның жазуынша, бұл кейінгі күндері шабуылға ұшыраған үшінші ресейлік аэродром, дегенмен арна қалған екі аэродромның атын айтпайды.

XS
SM
MD
LG