28 шілдеде таңғы сағат бестер шамасында төтенше жағдай министрлігі Шымкент индустриалды аймағындағы өрт толығымен сөндірілгенін хабарлады.
"[Өрттің шығу] себебі анықталып жатыр" деп хабарлады министрлік.
Шымкент қалалық төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, өрт орнында болған 10 адамға медициналық көмек көрсетілген. Біреуін күйік шалған, тоғызы уланған. Дәрігерлер тексергеннен кейін екі адам ауруханаға жатқызылған, 8 адам үйлеріне жіберілген.
Бір күн бұрын Шымкент индустриалды аймағында күкірт өртеніп, сол маңға жақын ықшамаудан тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілген еді. Түнге қарай эвакуацияланғандар саны 350-ден асқан.
Министрлік эвакуацияланған адамдарға ыстық тамақ ұйымдастырылғанын, кейбірі туыстарының үйіне кеткенін хабарлаған.
Түнде әлеуметтік желіде қолданушылар өрттің иісі тұтас қалаға жайылғанын жазып алаңдаған.
28 шілдеге қараған түні екіден кете бере өрт оқшауланғаны хабарланды. Ведомство инертті материалдармен көму жұмыстары жалғасып жатқанын, күкірт ашық жанып жатқан жерлерге әуеден көбік шашылғанын айтқан.
"Оқиға орнында үш өрт сөндіру аумағы ұйымдастырылған. Өрттің жайылу қаупі жоқ" деп хабарлады ТЖМ.
Өртті сөндіруге жеке құрамнан 300 адам, жүз техника, бір өрт пойызы қатысқан. Эвакуацияланғандар үйлеріне оралған.
ТЖМ мәліметінше, индустриалды аймақта техникалық күкірті бар қаптар өртенген. Олар KMG Supple Company-ның ашық алаңында сақталған.