Accessibility links

Қазақстан Париж олимпиадасында алғашқы медалін алды


Ислам Сәтпаев пен Александра Ле Париж олимпиадасында
Ислам Сәтпаев пен Александра Ле Париж олимпиадасында

Нысана көздеуден қазақстандық Ислам Сәтпаев пен Александра Ле пневматикалық мылтықпен он метрден атуда аралас командалық жарыста Париж олимпиадасының қола жүлдегері атанды. Олар үшінші орынға таласта Германия командасынан бас түсті.

Сәтпаев пен Ле іріктеу кезеңінде Қытай, Оңтүстік Корея, Германиядан кейін төртінші нәтиже көрсетіп, қола медальға таласуға мүмкіндік алған еді. Бұл бағдарламада алтынды Қытай, күмісті Оңтүстік Корея спортшылары еншіледі.

Жарыстан соң нысана көздеуден Қазақстан құрамасының бас бапкері Ольга Довгун "Нысана көздеуден Азия чемпионатында, әлем кубогі кезеңдерінде дәл осы бағдарлама бойынша екеуі финалға шығып жүрген. Тек сәттілік жетіспей қалатын. Мысалы, Азия біріншілігінде қола медальға таласып, ұтылды. Міне, соның бәрі артта қалып, ең үлкен жарыс – Олимпиада ойындарында қола медаль алып отыр. Қуанышымда шек жоқ" деді.

Бұл - Қазақстанның Париж олимпиадасындағы алғашқы жүлдесі.

  • Қазақстан нысана көздеуден 1996 жылдан бері алғаш рет олимпиадада жүлде иеленіп отыр. 1996 жылғы Атланта олимпиадасында Владимир Вохмянин тапаншамен 25 метрден атуда қола жүлде иеленген еді.
  • Ольга Довгун 2000, 2004, 2012, 2016 жылғы олимпиадаларға қатысып, Афина-2004 ойындарында төртінші орын алған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG