Еуроодақ жұма күні Ресейдің одақ аумағында бұғатталған активтерінен түскен кірісті алғаш рет Украинаға бергені жөнінде хабарлады. Мәселе 1,5 млрд еуро жөнінде болып отыр.
Қаражат аударылғанын Еурокомиссияның жетекшісі Урсула фон дер Ляйен хабарлады. Оның сөзінше, ақша Украинаның қорғанысын күшейту мен оны қалпына келтіруге жұмсалмақ.
"Кремльдің ақшасын Украина мен тұтас Еуропаны қауіпсіз ету мақсатына жұмсау – ең абзалы осы шығар" деп жазылған мәлімдемесінде.
Еуроодақ елдері мамыр айында бельгиялық Euroclear депозитариінде бұғатталған Ресей активтерін пайдалану механизмін келіскен. Қаражаттың шамамен 90 пайызы Украинаға қару-жарақ сатып алуға жұмсалмақ, 10 пайызы Украинаны қалпына келтіруге кетеді. Венгрия барлық қаражатты қару-жараққа жұмсауға қарсы болған, сондықтан осындай компромистік схема әзірленген.
Ал Ресей активтері сол бұғатталған күйі қалып отыр, оны кәмпескелеу мәселесі төңірегінде ЕО елдері арасында ортақ шешім жоқ. Украинаға сол активтерден түскен кіріс қана бағытталмақ.
Ресей билігі ЕО-ның кірісті иеленуіне құқығы жоқ деп санайды және бұл әрекетіне жауап қайтаратынын айтқан.