Accessibility links

Атырауда құстардың өлексесін әлдекімдер жойып жіберген


Мамандар құстардың өлексесін жинап, сынама алып жүр. Көрнекі сурет.
Мамандар құстардың өлексесін жинап, сынама алып жүр. Көрнекі сурет.

Атырауда мұнай өңдеу зауыты аумағында «Тухлая балка» булану алаңында бірнеше күн бұрын табылған құстардың өлексесін әлдекімдер жойып жіберген. Бұл туралы Азаттыққа облыстық орман шаруашылығы инспекциясы бөлімінің бас маманы Мереке Шалқаров хабарлады.

- Мен "желі пайдаланушылары құстар өліп жатыр" деген жерге 21 шілдеде барғанда қырылып жатқан 55 құс көрдім. Оның алтауы - аққу, 49-ы қасқалдақ болатын. Бұл аумақ Атырау мұнай өңдеу зауытына тиесілі болғасын мен ештеңе қозғамадым. Келесі күні ветеринария, экология мамандарын құрамына енгізіп, комисия құрып бардық. Қасымызға зауыт маманын да қостық. Оқиға орнына келсек, өліп жатқан құстар жоқ. Бәрін жинап алыпты. Кім жинап алғанын Құдай білсін. Жаңа өлген бір аққу таптық, - дейді Мереке Шалқаров.

22 шілдеде аталған жерге барған Атырау облысы бойынша экология департаменті, ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті Атырау облыстық аумақтық инспекциясы, Атырау облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасы, Атырау мұнай өңдеу зауыты өкілдері судан химиялық талдама жасау үшін су сынамаларын алған. Аққудың өлексесін де сол 22 шілде күні Астана қаласындағы «Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталыққа» бактериологилық және токсикологиялық зертханаға жіберген.

Шалқаров екі бөлек су сынамасы қорытындысы болатынын айтты. Экология департаментінің мамандарынан бөлек, су сынамасын Атырау мұнай өңдеу зауыты мамандарының да алуында ертең күмәнді сұрақ тумасын деген мақсат жатқанын алға тартты. Оның сөзінше, аққудың неден өлгенін анықтап беретін бактериологилық және токсикологиялық зертхана қорытындысы 15 күннен соң шығуы тиіс. Шалқаров құстардың неден өлгенін алдын ала айта алмайтынын, тек зертхана қорытындыларын күтетінін айтты.

Мұнай өңдеу зауытының өзі оқиғаға түсініктеме бермеді.

Атыраудың сол жақ жағалауында орналасқан «Тухлая балка» булану алаңы 1945 жылы Атырау мұнай өңдеу зауытының іске қосылғалы бері пайдаланылып келеді. Алаң қаладан 1,5 шақырым қашықтықта жатыр. Облыстық экология департаменті мамандары қаланы негізгі ластаушы көздердің бірі ретінде қарастырады. Мұнда зауыттың сарқынды суларынан бөлек, қаланың кәріз сулары ағызылады. Зауыт "Тухлая балка" булану алаңын кептіру (рекультивация) жұмыстарын 2021 жылы бастады. Жоспар бойынша 2023 жылы аяқталуы тиіс болатын. Алаңның жалпы ауданы – 1336,2 гектар. Оның 860 гектары Атырау мұнай өңдеу зауытына, қалғаны қала әкімдігіне тиісілі.

Ресми ақпарат бойынша, қала әкімдігіне қарасты алаңның бөлігін қалпына келтіру жұмыстары былтыр аяқталған. Оған Ұлттық қордан, республикалық және жергілікті бюджеттерден 961,02 млн теңге жұмсалды.

Ал зауытқа тиесілі бөлігін қалпына келтіру жұмыстары әлі аяқталмады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG