26 шілдеде Францияда жазғы Олимпиада ойындары салтанатты түрде ашылады. Дүбірлі жарыс 16 күнге созылады.
Франция көпшілікке танымал нысандарын барынша пайдалануға тырысады. Волейбол Эйфель мұнарасы түбінде ойналады, ат жарыс Версаль сарайы маңында ұйымдастырылады, жүзгіштер бассейнде емес, Сена өзенінде жарысады.
1900 жылы Париж Олимпиада ойындарын қабылдаған уақытта да суға жүзу жарысы Сена өзенінде ұйымдастырылған. Кейін өзен қатты ластанғаны сонша, онда суға түсуге тыйым салынған.
2024 жылы Париж мэрі Анн Ильдаго ойындардың басталуына бір жарым апта қалғанда Сенаға шомылып, өзен суының таза екенін көпшілікке паш еткен. Өзенді тазалау үшін қала бюджетінен бір жарым миллиард еуро бөлінген. Осыған дейін Сена лас өзендер қатарына жататын.
Олимпиада ойындары ашылатын күні спортшылардың бәрі Сена өзенімен қайықпен жүзіп өтеді. Олардың арасында белорустар мен ресейліктер ғана болмайды. Осы елдерден жарысқа бейтарап тумен қатысатын санаулы ғана атлет көрермендермен бірге отырады.
Олимпиаданың салтанатты ашылу рәсіміне шамамен 300 мың көрермен қатысады. Солар үшін Сена өзені бойын жағалай алты шақырымдық тегін орын дайындалған. Өзеннің төменгі жағалауы, Эйфель мұнарасы маңындағы Трокедеро алаңы үшін билет сатып алу қажет. Билет құны 15 еуродан басталып 2,7 мың еуроға дейін барады.
Олимпиада ойындарын 40 жылда алғаш рет Ресейде көрсетпейтін болды. Осы елдің басты телеарналары жарыстарды көрсету құқығын алудан бас тартқан. Олар ресейлік спортшылар жарыстан шеттетілгендіктен, рейтинг төмен болады деп қауіптенген.
ПІКІРЛЕР