Павлодар облысында автобус құлаған шұңқырдан 25 шілдеде төртінші құтқарушының денесі шығарылды. Бұл жөнінде төтенше жағдай министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
“Апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу барысында сағат 16.05-те экскаватор арқылы топырақты бөгеу кезінде 75 метр тереңдіктен машинистің денесі табылып, сараптамаға жіберілді” деп жазылған ресми хабарламада.
Бейсенбі күні таңертең мамандар шұңқырға түсіп кеткен автобус табылғанын хабарлаған еді.
Ведомство тау жыныстары опырылуы мүмкін екеніне қарамастан іздеу-құтқару жұмысы жалғасып жатқанын атап өткен.
Биыл қаңтар басында Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы "Майқайың" кеніші аумағында құтқарушылар отырған автобус шахта маңындағы шұңқырға түсіп кеткен. Автобуста үш құтқарушы мен бір жүргізуші болған. Сол кезде екі құтқарушының мәйіті табылған. Үшінші құтқарушының денесі алты жарым айдан кейін, 19 шілдеде табылған еді.
Қаңтар соңында арнайы комиссия "Майқайыңалтын" компаниясының жауапты тұлғалары өндіріс жұмысын тиісті дәрежеде ұйымдатырмаған және тау-кен жұмыстарын жүргізген кезде қауіпсіздік талаптарын қадағаламаған деп тұжырымдаған. Компания мұны жоққа шығарып, комиссияның актісін дауламақ болған. Астананың әкімшілік соты комиссияның қорытындысын растады.
ПІКІРЛЕР