Алматыда Мәскеудің экстрадициялық өтініші негізінде бір жыл қамауда отырған Ресей азаматы Наталья Нарская қамаудан босап шықты. Бұл жөнінде Адам құқығын қорғау жөніндегі бюро сайты жазды.
Ресейдің Украинаға басқыншылығын айыптап сұхбат берген Наталья Нарскаяны полиция Мәскеудің сұрауы бойынша былтыр 22 шілдеде ұстаған. Кейін сот оны 12 айға қамау туралы шешім шығарды. Адам құқығын қорғау жөніндегі бюроның жазуынша, ол экстрадициялық қамау мерзімі аяқталуына байланысты босап шыққан.
Былтыр Нарскаяны Ресейге экстрадициялау қаупі төнгені хабарланған еді. Кейін Адам құқығын қорғау бюросының заңгерлерінің көмегімен ол Қазақстан билігінен босқын мәртебесін сұрап, өтініш жазған. Бірақ ресми Астана оның өтінішін орындамады. Бюроның мәліметінше, Нарская қазір осы өтінішке шағым түсірген.
Наталья Нарская соғысқа дейін Ресейде вокалдан сабақ берген. Ресей Украинаға басып кірген соң Алматыға көшкен. Оған Ресейде "бұқаралық ақпарат құралдары арқылы экстремистік әрекетке шақырды, әлеуметтік араздық қоздырды" деген айып тағылып, халықаралық іздеу жарияланған. Нарскаяның қудалануына YouTube-тегі арналардың біріне берген сұхбаты ілік болған деп айтылады. Онда Нарская Ресей билігі мен соғысты қолдайтын ресейліктерді сынайды. Нарская сұхбатта өзін "русофобпын" деп атайды.
Адам құқығын қорғау бюросының жазуынша, қазір Қазақстанда кемінде бір ресейлік – саха белсендісі, музыкант Айхал Аммосов (Игорь Иванов) қамауда отыр. Якутияда соғысқа қарсы акция өткізгеннен кейін Аммосовқа қарсы "Ресей армиясының беделіне нұқсан келтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ол да былтыр ұсталған.
Маусым айында Қазақстан соты Ресей өтінішімен Қырғызстан азаматы Алина Горшенинаны да ұстаған. Бұған дейін "Настоящее время" арнасы Тараз соты оны 40 күнге қамағанын жазған. Сайттың жазуынша, Горшенинаға қарсы қылмыстық іс Ресейде былтыр жазда қозғалған, ал желтоқсанда халықаралық іздеу жарияланған. Ол "ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды қамау туралы шешім шығарған судьялар мен прокурорларға қоқан-лоқы жасады" деген күдікке ілінген. Ал жақындары істе бұлыңғыр жайттар бар екенін, іс жөнінде білмегенін айтқан. Алина Горшенина әлеуметтік желіде Ресейдің Украинаға басып кіруіне қарсы шығып, оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды (биыл Ресей түрмесінде жұмбақ жағдайда қаза болды) қолдап, хат жазған.
Адам құқығын қорғау бюросының жазуынша, Ресей әскерінде келісім-шартпен жұмыс істеген, былтыр маусымда Қазақстанға қашып келген Камиль Касимов Ресейге тапсырылған болуы мүмкін.
ПІКІРЛЕР