Татарстан жоғарғы соты Азаттықтың Татар-Башқұрт қызметінің журналисі Алсу Құрмашеваны "Ресей әскері туралы жалған ақпарат таратты" деген айыппен алты жылға соттады. Бұл туралы соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап, Associated Press агенттігі хабарлады.
Бұған дейін "Медизона" іс "құпия" деген графамен сотқа түскенін жазған. Associated Press үкім осы жұмада шыққанын айтады.
Құрмашева 1998 жылдан бері Прагада тұрады. Былтыр мамырда Қазанға науқас анасына барған. Ал 2 маусымда Прагаға ұшпақ болған кезде күштік құрылым өкілдері оны Қазан әуежайында ұстаған еді. Оның Ресей және АҚШ паспортын тартып алып, "екінші азаматтығы туралы хабарламады" деп іс қозғаған. 2023 жылы қазан айында Қазандағы сот оған бұл айыппен 10 мың рубль айыппұл салған.
Кейін журналисті "шетел агенті" реестріне қосу үшін құжат тапсырмады" деген айыппен қамауға алды. Ал 2023 жылдың 11 желтоқсанында Құрмашеваға қарсы "Ресей әскері туралы жалған ақпарат таратты" деген айып тақты. Ресей журналисті "Idel.Реалии" сайты 2022 жылы күзде шығарған Нет войне. 40 историй россиян, выступающих против вторжения в Украину" кітабын таратты деп айыптады.
Биыл сәуірдің соңында АҚШ президенті Джо Байден Ресей президенті Владимир Путинді Алсу Құрмашеваны, The Wall Street Journal басылымының журналисі Эван Гершковичті (19 шілдеде сот оны 16 жылға соттады) босатуға шақырған.
- Алсудың ұсталғанын бұған дейін Канада, Чехия, Франция, Польша және Швеция үкіметтері, ЕО-ның сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі, Еуропа парламентінің президенті, ЕҚЫҰ-ның БАҚ еркіндігі жөніндегі кеңсесі және БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары айыптаған. Журналистика мен журналистердің қауіпсіздігін қорғауға бағытталған Еуропа кеңесінің платформасы Алсуды босату туралы үндеу жариялады.
- Адам құқықтары мен БАҚ еркіндігі жөніндегі халықаралық ұйымдар да Алсуды дереу босатуға шақырды. Олардың ішінде Amnesty International, "Журналистерді қорғау комитеті", Freedom House, ПЕН-Америка, "Шекарасыз тілшілер", Халықаралық журналистер федерациясы және Халықаралық баспасөз институты бар.
- "Журналистерді қорғау комитеті" (CPJ) "Алсу Құрмашеваны қамау — Ресейдің "Шетел агенті" туралы заңды тәуелсіз баспасөзге қарсы теріс қолданатынын көрсететін ең айқын мысал" деп мәлімдеді.
ПІКІРЛЕР