Accessibility links

Сауалнамаға жауап берген грузиндердің 70 пайыздайы Ресейді өз еліне дұшпан көреді


"Кавказ барометрі 2024" зерттеуі аясында жүргізілген сауалнама қорытындысы Грузияда адамдардың 69 пайызы Ресейді өз еліне дұшпан санайтынын анықтады.

Бұл көрсеткіш жыл өткен сайын артып келеді: 2021 жылғы осындай зерттеу сауалнамасына жауап бергендердің 66 пайызы Ресейді басты жау көрсе, 2019 жылы – 49 пайыз, 2017 жылы – 40 пайыз, 2012 жылы – 35 пайыз болған.

Биылғы сауалнамада респонденттердің 4 пайызы Грузияның басты жауы деп АҚШ-ты, 2 пайызы Түркияны атаған.

Сауалнамаға қатысқан грузиндердің 24 пайызы АҚШ Грузияның басты досы деп санайды. Одан кейінгі орында Әзербайжан – 8 және Украина – 7 пайыз, ары қарай Түркия, Германия мен Армения тұр. Сауалнама сұрақтарына жауап берген адамдардың 2 пайызы Ресейді Грузияның досы деп есептейді. Бұған қоса, сауалнамаға қатысқандардың ширек бөлігінен астамы (26 пайызы) Грузияға ешбір ел дос емесіне сенімді.

Биылғы сауалнама бүкіл Грузия бойынша (өзін өзі жариялап алған Абхазия мен Оңтүстік Осетияны қоспағанда) 16 сәуірден 13 мамырға дейінгі аралықта бетпе-бет сұхбат әдісімен жүргізіліп, барлығы 1509 адам қойылған сұрақтарға жауап берді. Сауалнамаға қатысқандар арасында Самцхе-Джавахетиде тұратын армяндар және негізінен әзербайжан ұлтының өкілдері мекендейтін Квемо Картли тұрғындары да бар. Сауалнама грузин, армян және әзербайжан тілдерінде жүргізілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG