Йеменнің оңтүстік-батысындағы Ходейда портында, хуситтер деп аталатын ираншыл "Ансар Алла" тобы бақылайтын аумақта 20 шілдеде күшті әуе шабуылы болды. Жанармай құйылған цистерналар мен порт инфрақұрылымы өртке оранды.
Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) елдің әскери-әуе күштері кейінгі айларда хуситтердің "Израиль аумағына шабуыл жасамақ болған жүздеген әрекетіне жауап ретінде" Ходейдаға соққы бергенін растады.
Жұмаға қараған түні Израильдің Тель-Авив қаласына хуситтер ұшырған дрон құлап, бір адам қаза тауып, бірнеше кісі жараланды.
Араб және Израиль бұқаралық ақпарат құралдары Израиль әуе күштерінің Йеменге шабуылы Тель-Авивке қарсы соққыға жауап ретінде жасалды деп топшылайды. Израильдің қорғаныс министрі Йоав Галлант мұны іс жүзінде растап, Израиль хуситтердің әрекетінен Израиль азаматы қаза тапқаннан кейін қарымта қайтаруды ұйғарды деп мәлімдеді.
Сауд Арабиясының дереккөздері шабуылға АҚШ пен Ұлыбританияның ұшақтары да қатысқан болуы мүмкін дейді, бірақ Израиль қорғаныс күштері бұл операцияға тек Израиль әскери-әуе күштері қатысты деп мәлімдеді.
Хусит өкілдері Израильді шабуыл жасады деп айыптады. Олар Ходейдада қаза тапқандар мен жараланғандар бар деп мәлімдеп, кек алуға уәде берді.
Йемен аумағының едәуір бөлігін, соның ішінде астанасы Сананы бақылауда ұстап отырған хуситтер былтыр күзде Газа секторындағы ХАМАС тобына (АҚШ пен Еуроодақ террористік топ деп таныған) қарсы іс-әрекетіне қарымта ретінде Израильге соққы беретінін мәлімдеген.
Бұдан кейін Йемен аумағынан Израильге қарай бірнеше рет зымырандар мен дрондар ұшырылды, көп жағдайда Израиль оларды атып түсірді. Бұған қоса хуситтер Қызыл теңіз бен Аден шығанағында Израильге, сондай-ақ АҚШ пен олардың одақтастарына қатысы бар кемелерге шабуыл жасай бастады, АҚШ өз кезегінде Йеменге бірнеше шабуыл жасады.
ПІКІРЛЕР