Павлодар облысында автобус құлаған шұңқырдан 19 шілдеде тағы бір құтқарушының денесі табылды. Бұл жөнінде төтенше жағдай министрлігі хабарлады.
Мәйіт 70 метр тереңдіктен табылған. Оны жер бетіне шығарған.
Взвод командирінің орынбасары Айдос Шәймерденовтің денесін құтқарушылар жұма күні таңертең тапты деп жазды Informburo сайты.
“Оны таңғы сағат 5:30 шамасында таптық. Мәйітті бүтін күйде шығару үшін шамамен 13.30-ға дейін қаздық. Эскалатор мәйітті зақымдауы мүмкін еді. Одан кейін полиция келіп, барлық процедура басталды. Ертең де іздеуді жалғастырамыз. Мәйітті шығарғанша бүгін барлығы моральдық тұрғыда стресс алды” деді Қайролла Жүрсінбаев Informburo.kz агенттігіне.
Биыл қаңтар басында Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы "Майқайың" кеніші аумағында құтқарушылар отырған автобус шахта маңындағы шұңқырға түсіп кеткен. Автобуста үш құтқарушы мен бір жүргізуші болған. Сол кезде екі құтқарушының мәйіті табылған. Қазір қаза болған төртінші адамның денесі іздестіріліп жатыр.
ПІКІРЛЕР