Accessibility links

Қырғызстан президентінің туысы тағы қамауға алынды


Бішкектің Бірінші май аудандық соты
Бішкектің Бірінші май аудандық соты

Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың туысы Ұлан Жапаров тағы қамауға алынды. Бішкектің Бірінші май аудандық соты Азаттықтың Қырғыз қызметіне оның қамалғанын растады.

Ақпаратқа қарағанда, сот Ұлан Жапаровты қамау туралы шешімді ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) өтініші бойынша 21 маусымда шығарған. Сот оны 19 тамызға дейін қамауға рұқсат берген.

Соттың хабарлауынша, бұл жолы Жапаров "Алаяқтық" бабы бойынша күдікке ілінген. "Жәбірленуші жаққа ірі көлемде материалдық шығын келгені" хабарланды.

Дереккөздерге сүйенген ақпарат құралдарының жазуынша, күдікті "президенттің уәкілі қызметін ұсынып, сол үшін ақша алып, уәдесін орындамай кеткен".

Ұлан Жапаров осымен екінші рет ұсталып отыр. Алғаш рет 2023 жылы шілдеде жемқорлық күдігімен ұсталған. Ақпаратқа қарағанда, 32 жастағы Ұлан Жапаров президент Садыр Жапаровтың немере інісі (Рақымжан Жапаровтың үлкен ұлы). Былтыр Ұлан Жапаров ұсталғаннан кейін президенттің баспасөз хатшысы Ербол Сұлтанбаев оның "кеденмен байланысты жемқорлық схемаларға қатысы бар" деген күдікке ілінгенін айтқан.

"Мұны естігеннен кейін президент күдіктілерге заңды шаралар қолдануды талап етті" деп хабарлаған.

2023 жылы қазанда Ұлан Жапаров Бірінші май аудандық сот шешімімен үйқамаққа шықты. Сол кезде сот Азаттыққа іс бойынша түпкілікті шешім қабылданбағанын айтқан еді.

XS
SM
MD
LG