Accessibility links

Айдос Садықовты еске алу акциясына қатыспақ болған жаңаөзендік белсендіге айыппұл салынды


Жаңаөзенде Айдос Садықовты еске алмақ болған белсенділердің бірі Жадыра Досекееваны полицияның ұстаған сәті. Жаңаөзен, 6 шілде 2024 жыл.
Жаңаөзенде Айдос Садықовты еске алмақ болған белсенділердің бірі Жадыра Досекееваны полицияның ұстаған сәті. Жаңаөзен, 6 шілде 2024 жыл.

Жаңаөзенде Айдос Садықовты еске алу акциясына қатыспақ болып, ұсталған белсенді Жадыра Досекееваға айыппұл салынды. Сот белсендіні “бейбіт жиын тәртібін бұзу” бабы (488-бап, 12-бөлік) бойынша кінәлі деп танып, 180 908 теңге (380 доллар) көлемінде айыппұл салды. Жауапкер айыппен келіспейді. Сот шешімі сейсенбі, 16 шілдеде шықты.

Сот қаулысында белсенді “TikTok-тағы аккаунты арқылы Жаңаөзен тұрғындарын жинамақ болған, осылайша заңсыз митинг өткізуге тырысқан” деп жазылған.

Сот кезінде белсендінің адвокаты Досекееваның заң бұзбағанын айтты. Белсенді Азаттыққа өзіне толтырылған әкімшілік хаттамамен келіспейтінін айтып, өзін "саяси себеппен қудалап отыр" деп есептейтінін жеткізді.

Судья К. З. Сәменбетов Досекееваның кәмелетке толмаған балаларын ескеріп, айыппұл көлемін 30 пайызға азайтқан. Осылайша бастапқыда 258 мың теңге болған айыппұл (70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл) 180 мыңға дейін қысқартылды.

6 шілдеде Жаңаөзенде Айдос Садықовты еске алмақ болып, қала орталығына жиналмақ болған он шақты адамды полиция ұстап, бірнеше сағаттан кейін қайта босатқан еді. Азаттыққа келіп түскен видеода полицияның белсенді Жадыра Досекееваны күшпен ұстап жатқаны көрінеді. Полиция ол кезде түсініктеме бермеген.

  • Қазақстандық оппозициялық блогер, журналист, "Бәсе" YouTube-арнасының авторы Айдос Садықовты 18 маусымда Киевтегі үйінің маңында атып кеткен. Басына оқ тиіп, ауыр жараланған белсендіге ота жасалды. 13 күн жансақтау бөлімінде жатқан Садықов 2 шілдеде көз жұмды. Марқұм 5 шілдеде Киевтегі мұсылмандар зиратына жерленді.
  • Украина бас прокуратурасы Садықовқа жасалған қастандық бойынша екі күдікті барын айтқан: Алтай Жақанбаев пен Мейрам Қаратаев. Екеуі де – Қазақстан азаматы. Күдіктілер қылмыс жасалған күні Украина аумағынан шығып кеткен. "Молдова: Актуально" телеграм-арнасы олардың 19 маусымда Молдова астанасы Кишиневтен Антальяға (Түркия) ұшып шыққанын жазды. Қазақстан билігі Жақанбаев елге оралып, өз еркімен берілді деп хабарлаған. Астана күдіктіні Киевке бермейтінін айтты. Қаратаевтың қазір қайда екені белгісіз.
  • Наталья Садықова күйеуінің қазасына Қазақстан билігін айыптап, қастандық "Тоқаевтың арында" деп мәлімдеген. Астана қастандықтың артында Қазақстан билігі тұр деген айыптауды жоққа шығарған.
  • Бұған дейін Астана мен Қазақстанның бірқатар қаласында белсенділер Айдос Садықовты еске алу акцияларын өткізген. 8 шілдеде Жаңаөзенде маңыстаулық белсенділер жергілікті мейрамханада Садвқовты еске алған.
  • Құқық қорғаушылар кез келген акция өткізу үшін жергілікті әкімдікке ескерту-хабарлама беруге міндеттейтін бейбіт митинг туралы заңды сынап келеді.

XS
SM
MD
LG