Accessibility links

Ақмола облысында "қазақтардың намысына тиетін сөз айтқан" тұрғынға іс қозғалды


Полиция бөлімшесі. Көрнекі сурет.
Полиция бөлімшесі. Көрнекі сурет.

Ақмола облысының полициясы "қазақтардың намысына тиетін сөз айтқан" жергілікті тұрғынға қылмыстық іс қозғады. Бұл жөнінде ҚазТАГ агенттігі хабарлады.

"Ол мас күйінде балағат сөздер айтып, ұлттық белгі бойынша намысқа тиетін сөздерді де пайдаланған. Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Балағат сөздерге қатысты әкімшілік іс те қозғалды. Іс материалдары қаралып, тиісті шаралар қабылдау үшін сотқа жіберілді" деп жазылған Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Полиция хабарламасында тұрғынға қандай бап бойынша қылмыстық іс қозғалғаны айтылмаған.

Бұған дейін әлеуметтік желіде жарияланған видеода ер адам мас күйінде балағат сөздер айтып, "Украина жасасын!" деп айқайлаған қазақтарды "мәмбет" деп атайды. Бұған қоса, "қазақтардың намысына тиетін" сөздер айтқан. Ер адам видеода өте көп балағат сөз айтып, кей тұста қолын сермеп сөйлейді. Видеоны түсірген адам "Ақмола облысының тұрғыны интернет арқылы ұлттық алауыздық тудырып отыр" деп жазып, жергілікті құқық қорғау оргындарын оқиғаға құқықтық баға беруін сұрайды.

Былтыр да осыған ұқсас оқиғалар болған. 2023 жылы қазан айында интернетте ауылдан қалаға келгендердің намысына тиетін сөз айтып, қазақ тіліне қатысты "мәмбет" сөзін қолданған Алматы тұрғынына "ұлттық алауыздық тудыру" (174-бап) бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG