Accessibility links

Росстат сыртқы себептен қаза болғандар санын ресми есепте жасырған


Ресейдің статистика агенттігі (Росстат) сыртқы себептерден қаза болғандар санын жылдық есебінен алып тастаған. Бұл жөнінде демограф сарапшы Алексей Рашкаға сүйенген "Медуза" сайты жазды. Жылдық статистикадан тиісті таблица жоғалғанына маман алғашқылардың бірі болып назар аударды.

Бұған дейін Росстат сыртқы себептерден қаза болғандарға аурумен байланысты емес адам өлімдерін (мысалы, кісі қолынан қаза болғандар немесе суицид) жатқызған және тәуелсіз ақпарат құралдары Украинадағы соғыста қаза болғандар санын есептеген кезде сол мәліметке де сүйенген. Ресей билігі Украинада қаза болғандар жөнінде мәліметті өте сирек жариялайды.

"Медуза", "Медиазона" және BBC-дің Орыс қызметі Украинадағы соғыста қаза болған ресейліктердің санын жоғарыда айтылған мәліметке де сүйене отырып анықтауға тырысқан. "Медузаның" жазуынша, "2022 жылы сыртқы себептен қаза болған әйеллдер саны азайса, ерлер саны көбейген. Ал бейбіт заманда ер мен әйелдер статистикасында айтарлықтай айырмашылық болмаған. Басқыншылық басталғалы бергі сыртқы себептен қаза болғандар статистикасы соғыстағы адам шығынын шамалап есептеуге мүмкіндік берген еді".

Бұған қоса, тәуелсіз ақпарат құралдарына соғыста қаза болғандар санын мұралық істер реестрінің деректері де анықтауға көмектеседі. Оған сүйенсек, Украинадағы соғыста шамамен 120 мың ресейлік әскери қызметкер опат болған.

"Медиазона" мен BBC-дің Орыс қызметі бірігіп, соғыста қаза болғандар санын анықтауға тырысып жатыр, алайда олар тек ашық дереккөздерге сүйенеді. 5 шілде күнгі мәлімет бойынша, Украинадағы соғыста 58 207 ресейлік әскери қызметкер қаза болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG