Accessibility links

The Bell: соғыс басталғалы бері Ресейден кеткен шамамен 650 мың адам қайтып оралмаған


Украинада соғыс басталғалы бері Ресейден шығып кеткен шамамен 650 мың адам қайтып оралмаған. Бұл жөнінде The Bell басылымы 70 елдің көші-қон және статистикалық органдарына сүйеніп хабарлады.

Ақпаратқа сәйкес, ресейліктердің дені виза талап етпейтін елдерге кеткен: Арменияға (110 мың), Қазақстанға (80 мың) және Грузияға (74 мың). Бұдан бөлек Ресей азаматтары жаппай АҚШ-қа қоныс аударып, 48 мың адам босқын мәртебесін сұраған. 80 мың адам тарихи отаны Израильге көшіп кеткен.

Еуропа елдері ішінен 36 мың ресейлік – Германияға, 30 мыңы - Сербияға, 16 мыңы - Латвияға, 12 мыңы - Испанияға және тағы 12 мыңы Нидерландыға барған.

Ресейліктер үшін Түркия да танымал бағыттардың бірі болған. Бірақ бұл ел Ресей азаматтарына тұрақты тұруға рұқсат бермегендіктен, олар басқа елдерге көшкен. The Bell атап өткендей, соғыс басталғаннан бері 28 мың ресейлік Түркияда тұрақты тұруға рұқсат алған.

Кипр мен Португалия аймағында қанша ресейліктер бары жөнінде ресми мәлімет берген емес. ХАМАС-тың шабуылынан кейін де Израильден кеткен орыстар саны белгісіз.

Басылымның жазуынша, бұл кейінгі 20 жыл ішіндегі ең ірі эмиграция толқыны. Ресей билігі 2022 жылдың ақпанынан бері елден кеткен ресейліктер саны жөнінде ақпарат жариялаған жоқ. 2023 жылы қараша айында Ресей ішкі істер министрлігі 9 ай ішінде 68 мың ресейлік өзге елден ықтиярхат немесе азаматтық алғанын мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG