Accessibility links

Израиль билігі ХАМАС командирі қаза тапқанын хабарлады


Газа секторындағы Хан-Юнис қаласы.
Газа секторындағы Хан-Юнис қаласы.

Израиль әскері сенбі күні Газа секторының оңтүстігіне жасаған соққысынан ХАМАС тобының (АҚШ және Еуроодақ террор ұйымы деп таныған) ықпалды дала командирі Рафа Салама қаза тапты деп хабарлады. Ол ХАМАС қолбасшысы Мұхаммед Дейфтің орынбасары әрі Хан-Юнис бригадасының жетекшісі еді.

Израиль әскерінің мәлімдеуінше, Салама былтыр 7 қазандағы ХАМАС тобының Израильге шабуылын ұйымдастырғандардың бірі болған.

Израиль нысанаға алған Мұхаммед Дейфтің жағдайы жөнінде нақты дерек жоқ. Иерусалим оның өлімін әлі растай алмайтынын, ХАМАС тобы Дейф туралы ақпаратты жасырып отыр деп хабарлады.

ХАМАС топтың қолбасшысы тірі деп, Израильдің соққысын айыптады, одан кем дегенде 90 бейбіт палестиналық қаза тапты деді. ХАМАС бақылауындағы Газаның денсаулық сақтау министрлігі ракеталар босқындар лагеріне тиді деп мәлімдеді. Израиль әскері мұны жоққа шығарды.

Мұхаммед Дейф былтыр 7 қазанда Израильге шабуылды ұйымдастырғандардың бірі саналады. Дейф – 1990 жылдардың ортасынан бастап Израильде іздеуде болған жиһадшылардың бірі.

Жексенбіде палестиналық топтың жоғары лауазымды өкіліне сүйенген ақпарат құралдары ХАМАС-тың Израильмен бітімге келу және 7 қазандағы шабуыл кезінде кепілге алынған адамдарды босату туралы келіссөзден бас тартқанын хабарлады. Бұған палестиналықтар мен Мұхаммед Дейфке жасалған шабуыл түрткі болған деді.

Кейін ХАМАС келіссөзден шығу туралы ақпаратты жоққа шығарды, олар Израильді атысты тоқтату туралы келісімге келу жолын жабу үшін қақтығысты күшейтті деп айыптады.

Сенбі, 13 шілдеде Иордан өзенінің Батыс жағалауын (Газа секторын емес) бақылайтын Палестина автономиясының әкімшілігі соғыстың жалғасуына Израильмен бірге ХАМАС тобы да жауапты деді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG