Пенсильвания штатының Батлер қаласындағы қастандықтан кейін ауруханаға жеткізілген АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп ауруханадан шығып, Нью-Джерсиге барды. Ол жақта Трамп біраз уақытын жеке гольф клубында өткізбекші деп хабарлады Американың ақпарат құралдары.
Трамп командасы жариялаған видеода бұрынғы президенттің ұшақтан түсіп келе жатқаны көрінеді, айналасында қауіпсіздік қызметінің өкілдері байқалады. Олар Трамптың қауіпсіз жерде екенін айтты.
Республикалық партияның сайлауалды штабының хабарлауынша, бұрынғы президенттің жағдайы жақсы, жуық арада сайлауалды кампаниясын жалғастырады. Ақпаратқа қарағанда, Трамп жақтастарының келесі митингісі Милуокиде өтпек.
Ақ үйдің хабарлауынша, президент Джо Байден Трамппен телефон арқылы сөйлескен. Бұған дейін Байден Трампқа жасалған қастандықты қатаң айыптап, бұрынғы президент пен оның отбасына дұға жасайтынын айтқан еді.
Ақ үйдің айтуынша, Трампқа қастандықтан кейін Байден арнайы қызмет және қауіпсіздік кеңесшілерімен жиын өткізген.
Қастандықты тергеумен федералдық тергеу бюросы (ФБР) айналысып жатыр. ФБР мәліметінше, Трампты Пенсильванияда туған 20 жастағы Томас Мэтью Крукс өлтірмек болған. Ол митингіге қатысқан бір адамды өлтіріп, екі адамды ауыр жаралаған. Оны қауіпсіздік қызметі оқиға кезінде атып өлтірді.
ФБР өкілінің мәліметінше, ведомствода қастандық жөнінде алдын ала ақпарат болмаған. CNN-ның хабарлауынша, Крукстың митинг өтетін орынға жақын ғимараттың төбесіне қалай шыққанын бірнеше федералдық агенттік зерттеп жатыр.
Әлеуметтік желіде жарияланған видеолардың бірінде өзін Томас Мэтью Крукс деп таныстырған жас жігіт республикалық партия мен Трампты жек көретінін айтады. Видеоның соңында Крукс "сіздер дұрыс адамды ұстаған жоқсыздар" дейді.
CNN-нің жазуынша, Крукс сайлаушылар базасында республикалық партияны жақтайтын адам ретінде тіркелген. Дегенмен бірнеше жыл бұрын демократиялық партиямен байланысты ұйымға қайырымдылық жасаған.
Қарашадағы сайлау Крукс дауыс бере алатын алғашқы президент сайлауы болар еді.
Ресми мәлімет бойынша, Крукс бұрын сотталмаған, қандай да бір заңсыздық бойынша жазаға тартылмаған. Оның психикасында ауытқулар болғаны-болмағаны жөнінде мәлімет жоқ.
АҚШ-тың 45-ші президентіне қастандық Америка үшін ғана емес, Байден үшін де бетбұрыс кезеңі болмақ, себебі оған күрделі дағдарыс кезінде мемлекетті басқаруына тура келеді деп жазды CNN.
"Америка дауысы" сайты сөйлескен сарапшылар аталған оқиғаның күрделі салдары болуы мүмкін деп санайды. Атап айтқанда, Трампқа қастандық партиялар арасындағы қайшылықты тереңдетіп, Америка саясатындағы күш қолдану табиғаты туралы дауды өршітуі мүмкін.