Accessibility links

Шымкенттің бұрынғы әкімінің ағасы ұсталды


Тұрмыстық зорлық-зомбылық.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық.

Шымкенттің бұрынғы әкімінің ағасы Марат Әйтенов ұсталып, уақытша қамау изоляторына қамалды. Бұл жөнінде Астана полициясына сүйенген Tengrinews агенттігі хабарлады. Әйтеновке "отбасындағы заңға қайшы әрекетіне қатысты" әкімшілік іс қозғалып, іс сотқа жіберілген. Ақпарат агенттігінің жазуынша, күш қолдану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Полиция қызметкерлерінің әрекетіне қатысты қызметтік тексеріс басталған.

12 шілдеде Марат Әйтеновтің бұрынғы әйелі Дана Атешова Instagram парақшасында өзін және балаларын үйден күштеп шығарып жатқаны жөнінде видео жариялаған. Онда бір ер адамның әйелді шашынан сүйреп, сыртқа шығарғаны көрінеді. Видеоны түсіріп тұрған қыз бала жан ұшырып көмек сұрайды, алайда жан жағындағы ер адамдар, полиция үндемей қарап тұрады.

Тағы бір видеода ер адамдардың балаларды үйден көтеріп шығарып жатқаны, кішкентай қыздың мұрнынан қан ағып жатқаны көрінеді. Видеода әйелдің жылаған дауысы да естіледі.

Сол күні таңертең Дана Атешова президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап, видеомәлімдеме жасаған.

"Құрметті президент, маған және менің балаларыма көмектесіңіз. Соңғы төрт жыл бойы менің және балаларымның өмірін қорқынышты түске айналдыруға тырысып жатқанын жауапкершілікпен мәлімдеймін. Мұны жасап жатқан адам – балаларымның әкесі және бұрынғы күйеуім – Марат Әйтенов" дейді Дана Атешова мәлімдемеде.

Бірқатар адвокаттар Әйтеновтің күштеп шығару кезіндегі әрекетін қылмыстық заңбұзушылық деп атады. Бала құқығы жөніндегі уәкіл Динара Закеева ҚазТАГ агенттігіне берген сұхбатында Астана прокуратурасына хабарласқанын, Дана Атешованың өзімен де байланыста отырғанын айтты.

Осы айдың басында Дана Атешова "Настоящее Время" арнасына берген сұхбатында басынан өткерген оқиғаны айтып берген. Оның сөзінше, бұрынғы күйеуімен 2013 жылы танысқан. Әйтенов үйлену тойынан кейін оны бірден ұра бастаған. Осындай жағдайлардың бірінде Атешова тіпті еркін қозғала алмай қалғанын айтқан.

Дана Атешованың сөзінше, бұрынғы күйеуі бірнеше жылдан бері өзін және балаларын өздері бірге тұрған үйден күштеп шығаруға талпынып келеді. Оның айтуынша, некеге дейін оның өзінің жеке бизнесі болған. Әйтеновке тұрмыс құрғаннан кейін оны сатып, ортақ баспана алған. Бірақ оны Әйтенов туыстарының атына жаздырған.

Мамандығы заңгер Марат Әйтенов Қазақстандағы ірі қаржы ұйымдарында – Қазақстанның даму банкі, "Астана" халықаралық қаржы орталығы, "Самұрық Қазына" ұлттық әл-ауқат қорында істеген. Оның бауыры Мұрат Әйтенов ұзақ жыл Қазақстан президентінің іс басқармасында істеген, 2020-2023 жылдары Шымкент әкімі болған.

  • Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық ең үлкен мәселелердің бірі саналады. Елде 31 жастағы Салтанат Нүкенованың қазасы Қазақстанда жиі болатын құбылыс – әйелге әлімжеттік жасау мәселесін күн тәртібіне қайта шығарып, тұрмыстық зорлық-зомбылық жөніндегі пікірталасты күшейті. Құқық қорғаушылар әйелді кемсіту "барлық деңгейде" әлі жалғасып отырғанын айтады.
  • Осы дау өршіген тұста құқық қорғаушылар Қазақстан билігін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңды күшейтуді талап еткен. Парламент осы талаппен үндес заң жобасын қабылдап, 15 сәуір күні оған ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Ел арасында бұл заңды "Салтанат заңы" деп атай бастады.
  • Бас прокуратураның құқықтық статистика порталындағы деректерге қарағанда, 2024 жылдың алғашқы тоқсанында елде әйелдерге қатысты 16 мыңға жуық қылмыс тіркелген. Оның бес мыңнан астамы ауыр және аса ауыр қылмыс санатына жатады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG