Батыс Қазақстан облысының бес ауданында қуаңшылық басталғанын айтып, мәселе көтермек болған фермерлер митинг өткізуге рұқсат ала алмай отыр.
Әкімдікке жіберген ескерту хабарламаларында Бөкейорда, Жәнібек, Қазталов, Жанғалы аудандарының фермерлері 19 шілде сағат 11-де Бөкейорда ауданының әкімшілік орталығы Сайхин ауылында бейбіт жиын өткізгісі келетіндіктерін көрсеткен. Олар биліктен қуаңшылыққа мал-шөптің жоқтығына байланысты төтенше жағдай енгізуді талап етпек болған.
"Рұқсат бермейміз деген жауап алдық. Бейбіт митингтің мақсаты Батыс Қазақстан облысының оңтүстік аудандарындағы қуаңшылық" деп жазды Бөкейорда ауданының фермері Саян Байетов 12 шілде Facebook-тағы жазбасында.
Аудан әкімдігі фермерлерге жіберген жауабында хатта көрсетілген уақытта жастар ұйымы басқа шара өткізетінін айтқан.
—Жастар ресурстық орталығы бізге шараны қай жерде өткізгісі келетінін айтсын деп шағым жаздық, – дейді Саян Байетов Азаттыққа.
Ол сонымен бірге петиция жариялайтын ресми порталда онлайн мәлімдеме жариялап, қол жинай бастаған. Мәлімдемеде ол Батыс Қазақстан облысының оңтүстік аудандарына қуаңшылық қатері төніп тұрғанын айтып, билікті төтенше жағдай режимін енгізуге шақырған. Өйтпеген жағдайда мал қырылып, жем-шөп болмай қалуы әбден ықтимал.
Саян Байетов 40-тан астам фермер-әріптестерімен бірге алдағы уақытта бейбіт митинг өткізу жөнінде тағы да ескерту-хат жібермек.
Фермерлер Батыс Қазақстан облысында 2021 жылы Маңғыстаудағы сияқты қуаңшылық болуы мүмкін деп қауіптенеді. Ол кезде аймақта мыңдаған мал қырылған. Жауын-шашын болмағандықтан шөп күйіп кетіп, фермерлер малға беретін жем-шөп таппай қиналған. Малшылар қой, жылқы мен сиырларына суға малынған картон беруге мәжбүр екенін айтқан. Washington Post басылымы 2021 жылы "Бұрын-соңды болмаған қуаңшылықтың салдарынан Қазақстан даласы жылқының өлексесі жиналған қорымға айналды" деп жазған.