Accessibility links

АҚШ президенті: Ресейге Украинаны жеңуіне жол бермейміз


 Джо Байден мен Йенс Столтенберг Вашингтондағы НАТО саммитінде, 11 шілде 2024 жыл.
Джо Байден мен Йенс Столтенберг Вашингтондағы НАТО саммитінде, 11 шілде 2024 жыл.

Вашингтонда НАТО-ның 75-саммиті аяқталды.

Саммит соңында сөз сөйлеген АҚШ президенті Джо Байден одақтастар күш біріктіргенін алға тартып, Ресейге Украинаны жеңуіне жол бермейтінін жеткізді. Байден Украина президенті Владимир Зеленскийге сөз бергенде оны "Владимир Путин" деп атап жаңылды. Бірақ өзінің қателескенін бірден аңғарып түзеді. Алайда бұл Байденді кандидаттықтан бас тартуға итермелеп жүргендерге тағы бір аргумент болды.

Зеленский Украинаны әуе қорғаныс құралдары, F-16 жойғыш ұшақтары, тағы басқа қажет құралдармен қамтамасыз еткені үшін одақтастарға алғыс айтты. Ол 13 маусымда АҚШ пен Украина арасында жасалған қауіпсіздік келісімін "тарихи" құжат деп атады.

НАТО саммитінің соңына қарай Украина-НАТО кеңесі қорытынды шешім қабылдады. Кеңестің мәлімдемесінде саммитке қатысушылар Украинаның болашағы НАТО-да, ал Украина "барған сайын одаққа жақын болып барады" деген.

Бейсенбі күні 23 мемлекет пен Еуроодақ "Украина келісіміне" (Ukraine Compact) қол қойды. Онда олар Украина "өз еркіндігі мен тәуелсіздігі, егемендігі мен территориялық тұтастығын қорғап, бүгін және алдағы уақытта да басқыншылыққа төтеп бере алуы үшін" оны қажет құралдармен жабдықтайтынын атап көрсеткен.

Құжатта одақтастар Украинаны қорғаныс және қауіпсіздік саласына қажет құралдармен қамтамасыз ететінін, атап айтқанда оны заманауи әскери техникамен, тиісті қорғаныс-өнеркәсіптік және экономикалық көмекпен қамтамасыз етуді жалғастыратынын, сондай-ақ осы салада кадрларды даярлау міндетін де алатынын жеткізген.

Құжатқа сәйкес, қазіргі соғыс аяқталғаннан кейін болашақта Ресей Украинаға қарулы шабуыл жасаған жағдайда одақтастар Украинаның өзін-өзі қорғау құқығын қолдап, "жедел жиналыс" өткізбек. Қолдау шараларының арасында Украинаға көмек, Ресейге санкция салу сияқты қадамдар бар.

XS
SM
MD
LG