Accessibility links

Қаңтарда "ұсталғандарды азаптады" деп айыпталған ҰҚК қызметкерлеріне үкім өзгермеді. Жуаспаева лицензиясын қайтарды


Алматы қалалық соты "Қаңтарда ұсталғандарды азаптады" деп айыпталған ҰҚК-ның 11 қызметкеріне қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды. Сот бұған қоса, адвокат Гүлнар Жуаспаеваны лицензиядан айыру туралы Түрксіб аудандық сотының жеке қаулысының күшін жойды. Бұл жөнінде жұма күні Азаттыққа адвокат Гүлнар Жуаспаева хабарлады.

Адвокаттың айтуынша, сот үкімі бүгін, 12 шілдеде оқылған. Бастапқыда үкімге протест берген прокурор кеше үкімді өзгеріссіз қалдыруды сұраған.

"Прокурор кеше үкімді өзгеріссіз қалдыруды, апелляциялық шағымды қанағаттандырмауды сұрады. Үкімге қарсылық жөнінде ештеңе деген жоқ" деді адвокат Гүлнар Жуаспаева.

Бірінші инстанциядағы сот "тергеу кезіндегі қателіктер үшін" бас прокуратураға шара қолдану туралы жеке қаулы шығарған еді. Адвокаттың сөзінше, бұл қаулы да күшінде қалған. Мәселе қандай шара жөнінде болып отырғаны белгісіз.

Гүлнар Жуаспаеваның сөзінше, қалалық сот адвокаттың ешқандай заң бұзбағанын айтып, лицензиядан айыру туралы Түрксіб аудандық сотының жеке қаулысының күшін жойған.

Былтыр 8 желтоқсанда Алматының Түрксіб аудандық соты "билік өкілетін асыра пайдаланды", "адам азаптады" деп айыпталған ҰҚК-ның 11 қызметкерінің бірі Ұлан Жұмановты ақтаған, үшеуіне шартты жаза берген. Қалғандарын "3-5 жыл аралығында түрмеге кескен" еді. Сол кезде жәбірленуші тарапты қорғаушылар адам азаптаған қызметкерлерге аз жаза берілгендігіне наразы болған.

Апелляциялық шағымды бірінші инстанцияда ақталып шыққан Ұлан Жұмановтан басқасының барлығы түсірген. Олар өздерін толық ақтауды сұраған. Бұған қоса, жәбірленуші тарап пен прокурор үкімге шағымданған. Олар айыпталушыларға тиісті жаза берілмегеніне наразы болған. Енді кассацияға шағым түсірілмек.

Бұл істе 54 жәбірленуші бар, бірі – Ербол Өтепбаев Қанды Қаңтарда көз жұмған.

Кейінгі жылдары саяси істерде қорғаушы болып жүрген Гүлнар Жуаспаеваны Түрксіб аудандық соты былтыр «құпия істің деректерін жария етті» деп тауып, адвокат лицензиясынан айыру туралы қаулы шығарған. Адвокат шешімді сотқа берген еді.

Құқық қорғаушылар саяси астары бар істерде адвокаттардың құқығы жиі бұзылатынын, сот отырысы кезінде олардың микрофоны өшіп, түрлі шектеуге ұшырайтынын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG