Accessibility links

ҰҚК "діни радикалдардың жолын кескенін" хабарлады


Қазақстанның төрт өңірінде жүргізілген рейд барысында экстремизм бойынша күдікке ілінгендер ұсталды деп хабарлады 12 шілдеде ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі.

Ақпаратқа қарағанда, шілде айында Астана, Шымкент сонымен бірге Атырау, Жамбыл облыстарында ҰҚК прокуратура мен полициямен бірігіп, "діни радикалдардың қызметін тоқтату шараларын" жүргізген.

"Жедел қызметкерлер "террористік әрекеттерге қатысты, терроризмді насихаттады, экстремистік әрекеттерді ұйымдастырды және оған адамдарды тартты" деп күдікке ілінген Қазақстанның төрт азаматы мен бір шетел азаматын ұстап, қамауға алды" деп жазылған хабарламада.

Хабарламаға қарағанда олар тұрған жерден "көп діни-экстремистік әдебиет және өзге де заттар" тәркіленген.

Ақпаратқа қарағанда, күдіктілердің бірі бұрын шетел аумағындағы соғысқа қатысып, сол үшін Қазақстанда сотталған.

Тағы екі күдікті есірткінің ауыр түрін тұрақты түрде пайдаланған деген ақпарат тексеріліп жатыр.

Қылмыстық кодекстің 256, 257, 259 және 405 баптары бойынша тергеу басталған.

ҰҚК сотқа дейінгі тергеу амалдарын жариялауға болмайтынын алға тартып, бұдан басқа мәлімет айтпады.

  • Осы апта басында Қазақстанның арнайы қызметі маусым айында үш қазақстандық «террор сипатындағы қылмыс жасағаны үшін» сотталғанын хабарлаған. 3 және 7 маусымда Шымкенттің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты терроризмді насихаттады деген айыппен екі жергілікті тұрғынды жеті жылға бас бостандығынан айырған.
  • 11 маусымда дәл осындай айыппен Астананың ауданаралық қылмыстық соты қала тұрғынын қосымша алты жылға бас бостандығынан айырды. "Билікті басып алуға жария түрде шақырды, террористік топ құрды және оған жетекшілік етті, лаңкестік әрекетті ұйымдастыру мақсатында адам жалдады, сондай-ақ терроризмді насихаттады және қаржыландырды" деп айыпталған Астана тұрғынын сот ақпан айында 20 жылға бас бостандығынан айырған.
XS
SM
MD
LG