Accessibility links

"Бүлік шығарды". Дереккөз Гүлнара Каримованың түрмедегі өмірі туралы айтып берді


Гүлнара Каримова
Гүлнара Каримова

Ташкент облысы Зәңгіата ауданындағы әйелдер колониясында отырған Гүлнара Каримова мекеме басшылығының «бас ауруына» айналды.

Бұл туралы Азаттықтың Өзбек қызметіне аты-жөнін айтпаған колонияның бір қызметкері хабарлады.

8 шілдеде блогер Кирилл Альтман Зәңгіата колониясында отырып шыққан бір әйелмен сұхбат жариялаған. Материал 8 шілдеде – Гүлнара Каримова 52 жасқа толған күні жарияланды. Ол 2013 жылдан бері қамауда отыр.

Зәңгіатадағы № 21 колония қызметкерінің айтуынша, «мекеме басшылығы Гүлнара Каримованың басқа да жазасын өтеушілерге қатысты арандату әрекеттеріне байланысты жоғарыға бірнеше рет қайрылуға мәжбүр болған».

Ол Гүлнара Каримованың түрмеде «бүлік шығарғанын» айтты.

«Ол жұмысқа шықты. Сол кезде бүлік шығарды. Одан кейін 2,5 сағат барлығы тұрып тұрды. Бәлкім, оны сөккен болар. Бірақ оны ол жаққа отырғызбау керек еді. Ал ақыры отырған екенсің, тәртіп сақта. Бірақ ол тәртіпке бағына бермейтін» дейді жазасын өтеп шыққан әйел.

Каримовамен бірге отырған әйел түрмедегі бүлік қай уақытта болғанын айтпаған.

Блогердің сұрағына жауап берген әйелдің айтуынша, Гүлнара Каримоваға түрмеде VIP-жағдай жасалмаған, керісінше ол жалпы отрядта жазасын өтеп жатыр.

«Оның төрт кереуеті бар. Ол айналасына төсек жаймаларын іліп тастаған. Асханадан тамақтанбайды. Өз тамағын жейді. Оған жеткізіп тұрады. 10 келілік емес, қаптап түсіреді. Қалағанын алдырады. Қысқасы, оның жағдайы нашар емес».

2023 жылғы күзде Гүлнара Каримованы үйқамаққа шығарған деген ресми емес мәлімет тараған. Сол кезде Азаттық дереккөзі Гүлнара Каримова көбіне үйде тұратынын, түрмеде қажет болғанда ғана баратынын айтқан. Алайда мәлімет ресми түрде расталмады.

Әйелдер колониясы қызметкерінің айтуынша, Гүлнара Каримова мәселесі мекеме басшылығының бас ауруына айналған. Алайда ол экс-президент қызын үйқамаққа босатты деген мәлімет туралы ештеңе айтпады.

2015 жылғы 18 желтоқсанда Ташкент қалалық соты Гүлнара Каримованы 10 жылға, ал 2020 жылғы 18 наурызда тағы бір жаңа қылмыстық іс бойынша 13 жылға соттаған. Оған сөз байласу, ақша бопсалау, қарақшылық, жемқорлық, қылмыстан түскен ақшаны заңдастыру айыптары тағылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG