Accessibility links

Ақтөбеде тасқыннан зардап шеккен саяжай тұрғындары әкімдікке барды


Тасқыннан кейін берілген өтемақыға разы емес саяжай тұрғындары Ақтөбе әкімдігінде наразылық білдіріп тұр. 11 шілде 2024 жыл.
Тасқыннан кейін берілген өтемақыға разы емес саяжай тұрғындары Ақтөбе әкімдігінде наразылық білдіріп тұр. 11 шілде 2024 жыл.

11 шілде күні тасқыннан кейін берілген өтемақыға разы емес саяжай тұрғындары Ақтөбе әкімдігіне барып наразылық білдірді. Олар «Гидрогеолог» ұжымындағы 15 отбасын Қарғалы өзенінің жағалауынан көшіріп, жаңа үй беруді талап еткен.

- Басында әкімдік "өзен жағалауынан көшіреміз" деген. "Күтіңіздер, күтіңіздер" деген соң екі ай бойы күттік. Кейін көшірмейтін болдық деп 7 млн теңге өтемақы аударды. Оны қайда жеткіземін? Қауқиып төрт қабырғасы ғана тұрғаны болмаса, үйім мүлдем жарамсыз. Төрт балам, науқас енем, кәмелетке толмаған қайын інім, жолдасым-бәріміз пәтер жалдап жүрміз. Бізге үй берілсін! - дейді «Гидрогеолог» бау-бақша ұжымының тұрғыны Раушан Зағипарова.

Қарғалы өзенінің жағалауындағы «Гидрогеолог» ұжымында алпыс шақты отбасы тұрады. Соның жағалауға жақын тұратын 15-і тасқыннан қатты зардап шеккен. Бағалау компаниясының шешіміне сай оның әрқайсына шығынына қарай әртүрлі сома төленген. Бейсенбі күні әкімдікке наразылық айта келгендер де оны растап отыр. Бірақ олар өтемақыны тым аз деп санайды.

- Менің үйім өзеннен 200 метрдей жерде. Табанақы, маңдай термен салған үйіміз ғой. 6 млн 400 мың теңге берді. Оған келіспей көшіріңдер деп отырмыз. Жарар, көшірмесеңдер дамба салып беріңдерші дегенбіз. Дамба салынбайды дейді. Сонда біз қайтеміз? Жыл сайын суға кете береміз бе? 2017 жылдан бері әр көктем сайын суға кетеміз. Бір емес, екі емес, бұл мәселенің шешілетін уақыты болды ғой, -дейді «Гидрогеолог» бау-бақша ұжымының тұрғыны Шәрипа Қожахметова.

Наразыларды тыңдаған Ақтөбе қаласы Алматы ауданы әкімдігінің аппарат басшысы Дамир Бөкеев өтемақыға разы емес тұрғындарға бағалау компаниясын сотқа беруді ұсынды.

Ақтөбе әкімдігінің мәліметінше, Қарғалы мен Елек өзендерінің жағалауында жыл сайын көктемде суға кететін 14 саяжай ұжымы бар. Соның бірі «Гидрогеолог» ұжымының тұрғындары тасқынның алғашқы легі 26 наурыз күні келгенін айтады. Бірнеше үйге су кірген. Жұрт жағалауға құм толы қапшық тасып, барынша қорғанған. Бірақ үш тәуліктен соңғы тасқынның екінші легіне төтеп бере алмаған.

Ақтөбе облысында тасқыны қиратып кеткен үйлердің орнына 652 жаңа баспана тұрғызылуы тиіс. Үйсіз қалған 300-ден астам тұрғын дайын үйлерді сатып алуға келісім берген. Ресми мәліметке қарағанда, тасқын Ақтөбе облысының аумағындағы 136 шақырым тас жолды, 15 көпір мен 23 әлеуметтік нысанды бүлдірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG