Джо Байденнің АҚШ президенті болып қайта сайлана алатындығына демократиялық партия өкілдері мен жақтастары тағы күмән келтірді деп жазды Reuters.
Өкілдер палатасының бұрынғы спикері, Байденнің ұзақ жылдар бойғы әріптесі Нэнси Пелоси өткен айдағы сәтсіз дебаттан кейін Байден "президент сайлауына қатысу қажет пе, жоқ па деген сұраққа тезірек жауап беруі керек, уақыт өте аз қалды" деп мәлімдеді. MSNBC эфирі кезінде "Байденнің АҚШ президенті болып қайта сайлану ниетіне қалай қарайсыз?" деген сұраққа ол кесімді жауап берген жоқ.
Америкалық актер, демократиялық партияға ақша жинау қорын ұйымдастырушылардың бірі Джордж Клуни Джо Байденді сайлаудан бас тартуға шақырды. Ол пікірін New York Times басылымдағы мақаласында жариялады.
Клунидің сөзінше, ол үш апта бұрын Джо Байденмен кездескен және ол 2010 жылғы, тіпті 2020 жылғы Байденге ұқсамайды.
"Бар мәселе жасы келгендігінде, басқа ештеңе де емес" деді Клуни. Ол демократиялық партия сайлауға Джо Байденді ұсынса, сайлауда жеңіске жете алмайды деп санайды.
Президенттіктен үміткер Дональд Трамппен 27 маусым күнгі сәтсіз дебаттан кейін 81 жастағы Джо Байденге қысым үдеген. Дебат барысында Байден кейбір ойларын толық аяқтай алмай, кейбір тұста аузына сөз түспей, жауаптан жаңылды. Осыдан кейін The New York Times басылымы қазіргі президент сайлаудан бас тартуы тиіс, әйтпесе мұнысы "ессіз авантюра" болмақ деп жазды. Ал Байденнің өзі дебаттағы сәтсіздігін халықаралық рейстерден қалжырағандығымен түсіндірді.
Дебаттан кейін демократиялық партияның бірнеше демеушісі егер Байден сайлаудан бас тартпаса, кампанияны қаржыландыруды тоқтататынын ескертті.
Конгресте алты демократ (Вашингтон, Техас, Аризона, Иллинойс, Массачусетс және Миннесот штатынан өкілдер палатасына сайланғандар) Байденді президент кампаниясынан бас тартуға үндеді.
Сенаттағы демократтардың жетекшісі Чак Шумер демократиялық партия атынан сайлауға қатыса алатын кез келген кандидатты қарастыруға дайын екенін білдірді.
Бизнес пен азаматтық қоғам өкілдері де Байденді "демократия мен ұлттың болашағы үшін" сайлаудан бас тартуға шақырды. Хатқа демократияшыл белсенділер қол қойған. Құжат Ақ үйге табысталса да хатты қолдаушылар қарасы үзілген жоқ деп жазды The Washington Post.
Джо Байденнің өзі президент сайлауына қатысып, жеңіске жететінін де айтқан. Ал Ақ үй Байденнің денсаулығына қатысты күмән-күдіктерді сейілтуге күш салып жатыр.
АҚШ-та президент сайлауы 5 қарашада өтеді. Республикалық партия атынан оған бұрынғы президент Дональд Трамп қатысады. Байденнің кандидатурасы тамыз айында демократтар съезінде түпкілікті түрде ресми түрде бекітілу керек.