Accessibility links

Қырғызстан: президенттің інісінің қызына сөз салған жігіт есірткімен ұсталды


 Ләззат Нұрғожаева
Ләззат Нұрғожаева

Бішкек қаласының Бірінші май аудандық соты президент Садыр Жапаровтың інісінің қызы Ләззат Нұрғожаеваның жігітін 3 тамызға дейін қамауда ұстау жөнінде шешім шығарды.

Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметіне аудандық соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Сот мәліметінше, Афтандил Сабырбековке қатысты сот шешімі 6 шілдеде қабылданған. Қырғызстан заңнамасына сәйкес, аса ірі көлемде есірткімен ұсталған азамат 12 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Сабырбековтің ұсталғаны 10 шілдеде ғана мәлім болды, бірақ ол 5 шілдеде қамалған.

Сабырбеков маусым айының аяғында Нұрқожаеваға үйленуге ұсыныс жасаған. Салтанатты рәсімде түсірілген видео әлеуметтік желілерде жарияланған. Желі қолданушылар төтенше жағдайлар министрлігінің тікұшағына ерекше назар аударған.

Содан кейін президент халықтан кешірім сұрап, мемлекет басшысының жақын туыстары астамшылыққа бармауы керектігін айтқан.

Ләззат Нұрғожаева – Miss Kyrgyzstan-2020 байқауының жеңімпазы. 2021 жылдың басында жергілікті Super.kg басылымы Нұрғожаеваның сөзінен үзінді келтіре отырып, сол кездегі президенттіктен үміткер Садыр Жапаров інісінің қызының сұлулық байқауына қатысып жатқандығынан бейхабар екенін жазған. Ләззат Нұрғожаеваның әкесі Дәулетбек қырғыз басшысының туған інісі.

XS
SM
MD
LG